Соңғы төрт жылда 46 мыңнан аса жаңа кәсіпорын ашылды

9 Сәуір 2019, 10:05
2211
Бөлісу:
Соңғы төрт жылда 46 мыңнан аса жаңа кәсіпорын ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы төрт жылда 46 мыңнан аса жаңа кәсіпорын ашылды. 9 мыңдай кәсіпкерге сүйемелдеу көмектері көрсетілді, яғни өзінің бизнес жоспарын дайындап, тіпті несие алуына дейін көмек көрсетілді. Осы көрсетілген қызметтерге жұмсалған қаржы 300 млрд теңгені құрады. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Үкімет отырсында айтты.

Жиын барысында ол «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қолдау үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтып өтті.

«Қазір бүкіл республика бойынша ірі қалалар мен облыс орталықтарында кәсіпкерлерге қызмет көрсетуге арналған 20 орталық ашылған. Аудан орталықтары мен моноқалаларда 191 кәсіпкерлерді қолдау орталығы қызмет көрсетуде. Сондықтан бұл жұмыс бүкіл республика көлемінде орынды қойылған. Осы орталықтармен жыл сайын біз 30 мың кәсіпкерге қызмет көрсету міндеті қойылған, алайда біз оны 30-40% асыра орындап отырмыз. Өткен жылы 56 мыңнан аса кәсіпкер қызмет алды. Жалпы мемлекеттік қолдау жөніндегі мәліметті 200 мыңнан аса адам алған. Сондай-ақ, «Бизнес мектебінде» 20 мыңдай кәсіпкер оқып шығады, бұл да кәсіпкерлер үшін өте қажетті сала болып саналады. «Іскерлі қарым-қатынас» бағдарламасы бойынша жыл сайын 500 адам білім алады. 42 адам Германия, АҚШ сияқты мемлекеттерге барып, білімін арттыруда өзіне нақты керекті миссияларды орындады», - деді ол.

Сонымен қатар, ол соңғы төрт жылда 46 мыңнан аса жаңа кәсіпорын ашылғанын және 9 мыңдай кәсіпкерге сүйемелдеу көмектері көрсетілгенін айтты.

«Сондай-ақ, жұмыс істеп отырған 23 мыңдай жобаға қолдау көрсетілді. 8 мыңнан аса кәсіпкер өз бизнесін одан әрі жандандырып, жаңартты. 80-ге жуық кәсіпкер шетелдік компаниялармен нақты келісімшарт жасасты. Жыл сайын орта есеппен 250 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі, төрт жылда миллионға жуық кәсіпкер осы қызметтерге қол жеткізе алды», - деді Абылай Мырзахметов.

Өзгелердің жаңалығы