Смайылов қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтты

18 Тамыз 2023, 13:42
533
Бөлісу:
Смайылов қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтты
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Қазақстан» шахтасында орын алған жағдай бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бірінші кезекте Үкімет басшысы оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың баяндауынша 17 тамызда сағат 10:05-те шахтада конвейерлік таспаның тұтануы орын алған. Жедел әрекет ету шеңберінде апатты жою жоспары дереу іске қосылып, жұмысшыларды жер үстіне шығару ұйымдастырылды. Оқиға болған кезде шахтада 227 адам болған. 

Сағат 13:50-дегі жағдай бойынша 222 кенші жер үстіне шығарылды. Шахтада қатты түтіннің болуына байланысты тағы бес кенші шыға алмады. Құтқару жұмыстары барысында сағат 17:20-да бір кеншінің денесі табылды. 

18 тамызда сағат 08:10-да жоғалған екінші кеншінің денесі табылды. Қазіргі уақытта тағы үш кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Температураның жоғары болуына, шахтаны түтін басуына және сәйкесінше, өндіріс орнының қол жетімсіздігіне байланысты өрт ошағы әлі де оқшауланбаған. 

Қазіргі уақытта шыққан өртті шахтаның өзге жағынан сөндіру бойынша шаралар жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің хабарлауынша апат салдарынан 13 адам зардап шеккен. Олардың тоғызы улы газдармен уланып, оның ішінде ауыр дәрежеде иіс тиіп, Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Бүгінде екі шахтер жан сақтау бөлімінен ауыстырылды. Науқастардың жағдайы – орташа ауырлық дәрежеде, тұрақты. Естерін біледі. Тағы төрт адам Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жеткізілді. 

Смайылов қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтты

Екі адам амбулаториялық емделуге жіберілді, тағы екі адам стационарлық ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы – орташа ауырлық дәрежеде. 

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр «Қазақстан» шахтасындағы апаттың себептерін жан-жақты тексеру үшін комиссияның жұмысын сапалы қамтамасыз етуді және зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды. Әлихан Смайылов тиісті шешімдер қабылдау үшін ТЖМ мен Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да жүргізіліп жатқан өнеркәсіп және экологиялық аудиттерді жедел аяқтауды талап етті.

Смайылов қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтты
Өзгелердің жаңалығы