Смайылов Ақтөбе облысын дамытудың басым міндеттерін белгіледі

14 Мамыр 2022, 09:21
1497
Бөлісу:
Смайылов Ақтөбе облысын дамытудың басым міндеттерін белгіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барған ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. 

2022 жылы республикалық бюджеттің нақтылануын ескере отырып, өңірді дамытуға 150 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады. Бұл қаражат жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға, газ тасымалдау жүйесін дамытуға, тұрғын үй құрылысына, ТКШ және коммуналдық шаруашылық саласындағы іс-шараларға, денсаулық сақтауды, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды өнімді жұмыспен қамтуға жұмсалады. 

Премьер-министр азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін азық-түлік тапшылығының алдын алу және сауда үстемесін бақылау бойынша жоспарға сай жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті. 

Сонымен қатар облыс әкімдігі еліміздің оңтүстік аймақтары мен көрші елдердің дихандарымен ерте пісетін көкөністерді жеткізуге тікелей келісімшарттарға отырып, сауда желілерімен жұмыс істеу кезінде «айналым схемасы» механизмін кеңінен қолдануы қажет, сондай-ақ жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін жүйелі түрде форвардтық шарттар жасасуы керек. 

Өңірдің экономикасын әртараптандыру – ең өзекті мәселе. Ол үшін биыл өңірде жалпы құны 90 млрд-тан астам теңгені құрайтын 30 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Соның арқасында жаңа өндірістік қуат пайда болып, тұрақты жұмыс орындары құрылады. Аталған жұмысты жалғастыру керек, — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ Премьер-министр: 

Ақтөбе қаласында магистралды газ құбырының 3-ші желісінің құрылысын қаржыландыру; 

мұнай саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің еңбекақысын арттыру; 

тиісті қаржыландырумен «Ақтөбенің кәріз жүйелерін реконструкциялау» жобасын бірінші кезекте іске асырылатын жобалар тізбесіне қосу; 

Өңірді дамытудың кешенді жоспарын және жоспарланған инвестициялық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырды. 

Облыс басшылығының алдында үлкен жауапты істер тұр, олардың жүзеге асырылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал етеді, — деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы