Скринингтік тексерулер нәтиже беруде – онколог дәрігер

8 Қазан 2020, 10:33
2995
Бөлісу:
Скринингтік тексерулер нәтиже беруде – онколог дәрігер
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде халықтың денсаулығын сақтау бағытында түрлі ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі саналатын cкринингтік тексерулер ауруды ерте анықтаудың басты құралы болып отыр.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен осыдан он жыл бұрын қолға алынған ұлттық скрининг бағдарламасы өз нәтижесін беруде. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге» шақыратын бағдарлама халықты саламатты өмір салтын ұстанып, ұзақ өмір сүруге үндейді. 

ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексі бойынша еліміздің тұрғындары профилактикалық шаралардан өтуі міндетті. Скринингтік тексерістер осы профилактикалық шараларға жатады. Елімізде қан айналымы жүйесіндегі сырқаттары бар, қант диабетіне, глаукомаға және онкологиялық ауруларға шалдыққандарды ерте анықтау үшін скринингтік тексерістер жүргізіледі. Біздің емханада скринингтік тексерулер үш кабинетте жүзеге асырылады. Кабинеттер алдын ала жазылусыз жұмыс істейді. Тұрғылықты мекен жайы бойынша біздің емханада қаралатын тұрғындар жылына бір рет кез келген уақытта тексерістен өте алады, - дейді Қарағанды қалалық емханасы директорының орынбасары Валентина Прасолова. 

Скринингтік тексерулер нәтиже беруде – онколог дәрігер

Оның айтуынша, скринингтік тексерістер әлеуметтік сақтандыру қорының пакетіне кіреді және сақтандырылған тұрғындар үшін тегін жүргізіледі. Қазіргі уақытта тұрғындар 6 түрлі скринингтік тексерістерден өте алады, оның үшеуі онкологиялық ауруларды анықтау бойынша тексеріске жатады.   

Скринингтік тексерулер нәтиже беруде – онколог дәрігер

Скрининг арқылы адамдарды профилактикалық медициналық тексерістен өткізу ерте сатыдағы ауруларды, қауіп-қатер факторларын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ауруды дер кезінде емдеудің, асқынуының алдын алудың бірден-бір жолы. Скринингтік тексеріс барысында жүрек-қан тамырларының аурулары, қант диабеті, қатерлі ісік сияқты ауруларды ерте анықтауға болады. Дәрігерлерге дейінгі қарап-тексеру кабинетінде тұрғындар үш түрлі скринингтік тексерістен өтеді. Мұнда кардиограмма жасау арқылы жүректің ишемиялық аурулары анықталады. Қант диабетін бірден анықтайтын құрылғылар бар. Сонымен қатар көз аурулары, оның ішінде глаукома сырқатын ерте сатысында анықтау бойынша тексеріс жүргізіледі. Ал әйелдерді тексеріп-қарау және ерлерді тексеріп-қарау кабинеттерінде үш түрлі қатерлі ісікті анықтау бойынша талдамалар алынады, - дейді жалпы тәжірибе дәрігері Гүлнар Мұштарбекова. 

Скринингтік тексерулер нәтиже беруде – онколог дәрігер

Дәрігерлер қарапайым халықтың өз денсаулығына бейжай қарамай, денсаулық саласының ұтымды мүмкіндіктерін пайдаланып, ауруды емдеуден гөрі оның алдын алуға бас назар аударулары қажет деп санайды. 

2009 жылдан бері елімізде республикалық скрининг жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта біз жатыр мойыны қатерлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігі, тоқ ішектің қатерлі ісігін анықтау бойынша талдамалар алып, медициналық тексеріс жүргіземіз. Әйелдер жатыр мойыны қатерлі ісігін анықтау үшін 4 жылды бір рет скринингтік тексерістен өтулері қажет. Тексеріске 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер шақыртылады. 2020 жылдың өткен 9 айында біздің емханада 2442 әйел тексерістен өтіп, оның 20-нан патология анықталып, диспансерлік есепке 16 әйел алынды. Бұл әйелдерде қатерсіз ісік сияқты патологиялар болғанымен, обыр дерті анықталған жоқ. Сүт безінің қатерлі ісігі ауруын ерте анықтау үшін 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет маммографиядан өтеді. Биыл 2986 әйел тексерістен өтіп, оның 9-нан обыр дертінің І, ІІ сатысы анықталды. Тоқ ішектің қатерлі ісігін анықтау бойынша скринингтік тексерістен 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтуі қажет. Өткен 9 айда 3070 адам тексерістен өтіп, бір де біреуінен рак анықталған жоқ, - дейді онколог дәрігер Юлия Середа. 

Скринингтік тексерулер нәтиже беруде – онколог дәрігер

Онколог дәрігердің айтуынша, скринингтік бағдарлама қолға алынғалы бері денсаулығына жүрдім-бардым қарайтындар азайып, қатерлі ісік ауруларының алдын алуға немесе обыр дертінің I-II сатысында анықтау мүмкін болып отыр. 

Бұрындары бізде қатерлі ісік ауруларының соңғы кезеңдерінде анықтау, яғни обыр дертінің әбден асқынған түрі көптеп кездесетін. Қазіргі уақытта тұрғындар жыл сайын тексерістен өтудің маңыздылығын, қажеттілігін түсінді. Өздеріңіз көріп отырғандай, жоғарыда атап өткен статистикалық мәліметтер жыл сайынғы скринингтік тексерістердің нәтижесі, - дейді Юлия Середа. 

Скринингтік тексерулер нәтиже беруде – онколог дәрігер

Саламатты өмір салтын ұстанып, денсаулық күтіміне мән беріп, уақытылы дәрігердің кеңесіне жүгініп отыру халықтың өмір сүру деңгейінің көтерілуіне әкелетіндігі сөзсіз. Скринингтің тексерістің тиімді тұсы да осы. Қауіпті аурулардың алдын алумен қатар, басқа да ауруларға бейімділік факторлары анықталған жағдайда сауықтыру шараларын дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы