Скринингке арналған жабдық жоқбірақ тексеруге ақша жұмсалып келеді – депутат

23 Мамыр 2024, 11:34
80
Бөлісу:
Скринингке арналған жабдық жоқбірақ тексеруге ақша жұмсалып келеді – депутат
Фото: BAQ.KZ - архив

Айнұр Арғынбекова скрининг бағдарламаларының тиімсіздігіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Скринингке арналған жабдық жоқ, алайда ондай тексерулер жүргізуге әлі де ақша жұмсалып келеді. Ол скринингтер қалай жүргізіледі? Сенатор Айнұр Арғынбекова өзінің депутаттық сауалында ауруды анықтау бағдарламаларының тиімсіздігі туралы сұрады.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда екі жылда бір рет өзгеріп отыратын мемлекеттік бағдарламалар бойынша скрининг жүргізіледі, бұл өзгерістер олардың нақты тиімділігін бағалауды қиындатады. Сонымен қатар, науқастардың аз ғана бөлігінің сырқатын анықтауға миллиардтаған шығын кетеді.

2023 жылы 7,5 млн-нан астам адам қаралды, оған 22,5 млрд теңге бөлінді, сонда анықталған ауру көрсеткіші артериялық гипертония - 5%, қант диабеті – 0,9%, глаукома – 0,3% болды. Сондықтан ДДҰ «скринингтік бағдарлама елдің денсаулық сақтау жүйесінің ағымдағы ресурстарына сәйкес келуі тиіс» қағидатын сақтай отырып, скринингтің тиімділігі дәлелденіп жүргізілуі керек. Мысалы, Қазақстанда 2013 жылдан бері колоректальды обырды ерте анықтауға арналған скрининг жүргізіліп келеді, ол бүгінде таралуы мен өлімі бойынша екінші орынға шығып отыр. Алайда әлі күнге дейін тиісті жабдықтар тапшы, ал бары жаңартуды қажет етеді. Атап айтқанда, облыстарды колоноскоптармен жаңғырту тек 2025 жылдан 2027 жылға дейін жоспарланып отыр. Сонда қазіргі кезде сырқатты анықтау қалай жүргізіледі?,- деді Айнұр Арғынбекова.

Сенатор сонымен қатар зертханалардың әртүрлі жерлерде орналасуына байланысты пациенттер бір клиникада барлық қажетті тексеруден өте алмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, сақтандырылмаған 3,5 миллион адам скринингке қол жеткізе алмай отыр, өйткені ол тексерулер кепілдендірілген медициналық көмек аясына кірмейді.

Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі скрининг бағдарламаларының дұрыстығы мен тиімділігін арттыру және скринингтерді орталықтандыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Қаржы министрлігі скрининг жүргізуге арналған жабдықтарды жаңғыртуға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруы тиіс. Жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілердің өз ұжымдарында скринингтен өту жөніндегі жауапкершілікті арттыруды, медицина кадрларын даярлауды, қолда бар денсаулық сақтау инфрақұрылымын тиімді пайдалануды ерекше бақылауға алсын, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы