Қай өңірдің оқушысы ҰБТ-дан ең көп ұпай жинағаны анықталды

4 Маусым 2024, 11:52
31386
Бөлісу:
Қай өңірдің оқушысы ҰБТ-дан ең көп ұпай жинағаны анықталды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Кентаулық оқушы еліміз бойынша ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Кентау қаласының оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары 138 баллды жинаған сәті, оны жақындарына сүйіншілеген эмоциясы әлеуметтік желіде кең тарады. Бұл көрсеткіш әзірге, еліміз бойынша ең жоғары нәтиже, - деді Түркістан облысының Білім басқармасы.

Қожанов Айдос Хайруллаұлы - 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11-сыныпта “Грант” жекеменшік мектебіне ауысқан.

Айдос болашақта математика пәнінің мұғалім болғысы келеді.

Мектеп директорының сөзінше, Айдос жыл бойы мектептің байқау сынақтарында І-орыннан көрініп жүрген оқушы.

Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға жалпы 27 340 оқушы өтінім білдірген.

Ұлттық тестілеу орталығы негізгі ҰБТ-ның аралық қорытындыларын жариялады.

Негізгі ҰБТ-2024 басталғалы бері 71 мың адам тест тапсырды. Оның ішінде: 

- талапкерлердің 74% – шекті балл жинады;

- орташа балл – 67 балл;

- 137 баллды үш талапкер жинаған;

- ерекше білім беру қажеттілігі бар 266 талапкер қатысты.

Ереже бұзғаны үшін 126 адамның нәтижелері жойылды. Атап өтсек, смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 94 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Сонымен бірге тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 27 адам шығарылып, бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 5 адамның нәтижесі жойылды. Тестілеу кезінде бөтен тұлғалар анықталған жоқ.

Таңғы лекте ҰБТ тапсырушылардың орташа балы түстен кейінгі лекте тапсыратын талапкерлерден жоғары. Қазіргі уақытта айырмашылық 5 балды құрайды: сәйкесінше 69 және 64 балл.

Еске сала кетейік, биыл шекті балл өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл (ұлттық жоо үшін); ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.

Өзгелердің жаңалығы