СҚО-да агроөнеркәсіп саласында 48 млрд теңгенің 34 жобасы іске асып жатыр

10 Желтоқсан 2021, 17:08
1435
Бөлісу:
СҚО-да агроөнеркәсіп саласында 48 млрд теңгенің 34 жобасы іске асып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді. 

Әкімнің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы Солтүстік Қазақстан облысының дамуының қозғаушы күші. 

Биыл бұл салаға құйылатын инвестиция 140 миллиард теңгеге жетеді. Еліміздің ауыл шаруашылығына салынған инвестицияның төрттен бірі солтүстік өңірге тиесілі. Биыл ауыл шаруашылығы саласында 48 миллиард теңгенің 34 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір облыста Қазақстандағы ең қуатты майлы дақылдарды өңдеу зауыты салынуда, -деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның сөзінше, зауыт жылына 370 мың тонна өнімді өңдей алады. Жаңа кәсіпорын облыстағы майлы дақылдардың 90 пайызын өңдеуге мүмкіндік береді.

Облыста 7 астық қоймасы мен тұқым шығаратын зауыт салынуда. 3 мың тоннаға жуық көкөніс өсіретін жылыжайдың құрылысы басталды.

Солтүстік Қазақстан облысы сүт фермаларын салу бойынша  республикада көш бастап тұр. Қазақстанда салынып жатқан әрбір екінші кешен солтүстік өңірде. Биыл 16 шаруа қожалығының құрылысы басталып, жыл соңына дейін 10 кешен іске қосылады, -деп атап өтті Қ. Ақсақалов. 

Сондай-ақ СҚО әкімінің сөзінше, өңірдегі екі сүт зауыты өндірісті жаңғыртуға және заманауи желілерді іске қосу үшін 15 млрд теңге бөлінген.

Тамыз айында Маслодел зауытында жаңа сүт желісі іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы 87 мыңнан 119 мың тоннаға дейін өсті. Жақында өңірді ірімшікпен толық қамтамасыз ететін «Евразия сүт» жаңа зауыты іске қосылмақ, -деді облыс әкімі. 

Сонымен қатар ол ет өндірісін 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін көбейту жоспарланғанын атап өтті. 

Осы мақсатқа жету үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынуда. Облыста 2 жаңа құс фабрикасының құрылысы басталды. Қой шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданды. Облысқа 13 мың бас қой әкелінді, -дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Өзгелердің жаңалығы