СҚО-да 20 мыңға тарта адам вакцина салдырды

17 Сәуір 2021, 20:00
1389
Бөлісу:
СҚО-да 20 мыңға тарта адам вакцина салдырды

BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысында жаппай вакцинацияилау науқаны 1-інші сәуірде басталды. Сол уақыттан бері 19 851 адамға екпенің алғашқы компоненті салынды. 2 811 адамға екінші компоненті егілген. Жалпы, бұл екпені салдырудың басты мақсаты аурудан қорғану дейді дәрігерлер.

Коронавирус басталғалы бір мыңға жуық адам инфекциялық ауруханада ем алса, 5700-ден астамы провизорлық емханада жатқан. Жалпы науқастардың 700-ге жуығының жағдайы өте ауыр болып, жансақтау бөлімінде жатты. Сондай-ақ індет басталғалы 8 мыңнан астам өңір тұрғыны амбулаторлық ем алған.  Қазіргі уақытта өңірде коронавирусқа қатысты жағдай біршама тұрақты. Бүгінгі күні инфекциялық бөлімшеге 630 төсек орын қойылса, ол жерде 216 науқас ем алып жатыр. Бүгінгі күні ауруханалар 33 пайызға толы. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда едәуір жақсы көрсеткіш, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.

Жалпы, өңірге алғашқы вакцина ақпан айында жеткізілген болатын. 1200 дозаны алдымен дәрігерлерге салды.

Облыстық аурухана қызметкерлерінің басым бөлігі вакцина салдырды. Өйткені, біздің сала алдыңғы шеп десек қатеспейміз. Әлі күнге екпеден кейін жағдайы нашарлаған адамды кездестірген жоқпыз. Иә, әр адамның ағзасы әртүрлі қаблдайды. Бірақ, нашарлағаны жоқ. Ең бастысы бізге аурудың таралуын азайтуымыз керек, ол үшін вакцина міндетті, - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің бірінші орынбасары Асхат Молжігітов.

Өңірге жеткізілген 1200 доза Ресейлік спутник- V вакцинасы болса, қалғандары Қарағандыдағы  зауытта шығарылған. Облыста 17 медициналық мекемеде індетке қарсы вакцина егу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы саны 22 екпе кабинеті бар.  Денсаулық сақтау басқармасы олардың санын 88- ге жеткізбек. Барлық вакцина егу кабинеттері таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Коронавирусқа қарсы екпе алғысы келетін тұрғындар өзі тіркелген емханаға жүгіне алады.

Өзгелердің жаңалығы