СҚО-да 2 мыңнан астам студент дуальды оқыту жүйесіне тартылды

3 Наурыз 2021, 10:46
1734
Бөлісу:
СҚО-да 2 мыңнан астам студент дуальды оқыту жүйесіне тартылды

Солтүстік Қазақстан. BAQ.KZ тілшісі. 2020-2021 оқу жылында теріскейдегі 22 колледждің студенттері 322 кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Бұлар мемлекеттік тапсырыс аясында 28 мамандық бойынша білім алып жүрген шәкірттер.

2020 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттерді дуальды оқытумен қамту жоспары 22,6% болатын, бірақ бүгінгі күні 24,3 пайызға жетті. Өйткені, бұл жобаның қажеттілігін көріп отырмыз. Оқу орындарының әлеуметтік серіктестері, яғни, кәспорындар колледж түлектерін аттестаттауға және кәсіби құзыреттілік беруге қатысады, - деді Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова. 
Дуальды оқыту жүйесі арқылы жұмыс істеп жүргендердің бірі Кирилл Хайруллин. Петропавл машина жасау колледжінің 2-курс студенті бүгінде ауылшаруашылығы техникасын жасайтын кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Өңірде металл жонушы маманына сұраныс жоғары екенін білген соң, осы саланы таңдаған. 
Ақпан айында осы кәсіпорынға тәжірибеден өтуге келдім. Көп нәрсені білмесем де, үйренуге талпынып жүрмін. Әзірге бұрандалы түйреуіштер жасауды ғана меңгердім. Болашақта өз мамандығым бойынша жоғары оқу орнына түсіп, сосын жұмысқа тұрғым келеді, - дейді Кирилл Хайруллин. 

Кәсіпорын басшылығы болса қазір 4 судентті баулуда. Бұл жоба екі жаққа да тиімді. Ең алдымен жұмыс берушіге талапқа сай келетін маманды іріктеп алуға мүмкіндік туады. Студентке пайдасы – өндірістік тәжірибеде жүріп-ақ жұмыс табады. 

Қазіргі күні ортаңқол мамандар тапшы. Жастар бұл салаға келгісі келмейді. Көбінің ойы бірден топ етіп бастық болып, офисте жұмыс істеу. Колледждерден жастардың өзі іздеп келуі қуантады әрине. Біз осы жастардың ішінен мықты маман шығады дегенін іріктеп аламыз, - дейді бригада басшысы Евгений Рыманов. 

Мәдина Ғабдуллина болса Петропавл құрылыс-экономика колледжінде кондитер мамандығын меңгеріп жүр. Оқуын өндіріс алаңында жалғастыруды жөн санап, тәтті тоқаштар пісіретін кондитерлік цехқа тәжірибеден өтуге былтыр қыркүйек айында келген. Жарты жылдың ішінде бесаспап маман атанбаса да, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеріп алған. 

Біздің оқудың басты ерекшелігі теорияны ұдайы практикамен ұштастырып отыру ғой. Өндірістің ішінде болу өте маңызды. Бізге осындай жағдай жасалып отыр. Осыған қуанамын. Дәл осы цехта қалмасам да, үйренгенімнің болашақта себі тиеді деп ойлаймын. Мұндағы тәжірибелі мамандар ұдайы бақылап, ақыл-кеңесін айтып отырады, - дейді Мәдина Ғабдуллина. 

Колледж студенттерінің оқып жүріп еңбекке араласуы, біріншіден жұмыссыздық, екіншіден кадр тапшылығын жоюға оң әсер етті дейді мамандар. Биылдан бастап тәжірибедегі кезеңі еңбек өтілі ретінде жазылмақ. Облыстық білім басқармасының бас маманы Бауыржан Зейнулиннің айтуынша кәсіпорындармен келісім-шарттар жасалуда. 

332 кәсіпорынмен 799 үшжақты келісім-шарт жасалды. Соның аясында студенттер кәсіпорынға жұмысқа орналасу үшін әрі өндірістік тәжірибеден, әрі тағылымдамадан өтуде. Бұл жобаның тиімділігін жұмыс берушілер де көріп отыр. Алдарына таңдау, әрі даярлау үшін мамандарды әкеліп береміз. Осының арқасында жастардың белсенділігі де артып келеді, - дейді ол.

Былтыр өңірде 726 студент дуальды оқыту жүйесіне тартылған. Қазіргі күні олардың 602-сі тұрақты жұмыс тапқан.

Өзгелердің жаңалығы