Скляр Ұлытау өңіріндегі бірқатар нысанды аралады

24 Тамыз 2023, 14:37
570
Бөлісу:
Скляр Ұлытау өңіріндегі бірқатар нысанды аралады
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің бірінші орынбасары еліміздің орталық өңіріне жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Роман Скляр «Жезқазған-Қызылорда» тас жолын күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, бірқатар стратегиялық нысандарды аралады.

Өз кезегінде Жезқазған ЖЭО-да «Қазақмыс Энерджи» АҚ басшылары алдағы жылу беру маусымына дайындық және стансаны жаңғырту жоспарлары туралы баяндады.

Бірінші вице-премьер Жезқазған қаласындағы жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Қазіргі уақытта жұмыс жоспарлы кестеден озып келеді. Желілерді күрделі жөндеу жақын арада салынып жатқан облыс орталығының жаңа шағын аудандарын жылу энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс орталығын сумен қамту жобасы да талқыланды. Делегация Жезқазған қаласындағы «Ұйтас-Айдос» су құбыры және гидроцехының құрылыс алаңында болды. Жобалар республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылып отыр (тиісінше 4,2 млрд теңге және 6 млрд теңге). Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп келеді.

Роман Скляр Жезқазған қаласындағы көпқабатты 11 жаңа тұрғын үйдің (972 пәтер) құрылыс алаңында да болды. Нысандарды аяқтау келесі жылдың соңына жоспарланған.

Сапар қорытындысына сәйкес Премьер-министрдің бірінші орынбасары салалық Министрліктер мен Ұлытау облысының әкімдігіне жобалардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Өзгелердің жаңалығы