Скляр Петропавл маңындағы аймақ тұрғындарын мәжбүрлі түрде эвакуациялауды тапсырды

10 Сәуір 2024, 03:25
472
Бөлісу:
Скляр Петропавл маңындағы аймақ тұрғындарын мәжбүрлі түрде эвакуациялауды тапсырды
Фото: primeminister.kz

Бірінші вице-премьер Роман Скляр Петропавл қаласы маңындағы аймақтар тұрғындарын мәжбүрлі түрде эвакуациялауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кезекті түнгі тексеріс кезінде Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев Премьер-министрдің бірінші орынбасарына Заречный кенті мен саяжай алаптарында тұратын 32 тұрғынның су басу қаупі бар аймақтан эвакуацияланғысы келмейтінін баяндады.

Оның айтуынша, азаматтар су тасқынымен өз беттерінше күрескісі келеді. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін Роман Скляр мәжбүрлі түрде эвакуациялау туралы шұғыл бұйрық берді.

Әкімдікке, полиция департаментіне және ТЖД-ға тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуциялауды бастауға тапсырма беремін. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Ешкім зардап шекпеуі қажет. Ойда жоқта су келіп қалса, жағдай қорқынышты болады. Адамдар саналы түрде өздеріне қауіп төндірмеуі керек, бұған жол беруге болмайды, — деді ол.

Сонымен қатар вице-премьер Ойқала ауданындағы айналма жол учаскесіндегі бөгеттерді нығайту жұмыстарын тексерді, Кожевенный кенті мен Ущев көшесінің бойындағы бөгеттердің жай-күйін көріп қайтты.

Инспекция барысында Роман Скляр су тасқыны туралы жаңартылған болжамнан кейін барлық бекіністі тексеру үшін геодезистерді шақыруды тапсырды. Әкімдік, құтқару қызметі және полицейлерге су тасқыны қаупі жоғары аймақтан азаматтарды, тұрмыстық техниканы, үй жануарлары мен малды эвакуациялауға жан-жақты көмек көрсетуге өкілеттік берді.

Өзгелердің жаңалығы