Өскеменнің еріктілері жалғызбасты адамдарға қолұшын созуда

4 Ақпан 2020, 15:46
3096
Бөлісу:
Өскеменнің еріктілері жалғызбасты адамдарға қолұшын созуда
PHOTO

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Біз біргеміз" акциясы аясында жұдырықша жұмылған еріктілер көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп, жалғызбасты қарттардың ауласын қардан тазартуда.

Бұл жолы Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығы Қазақстан-Американдық еркін университетінің "Мейірім" еріктілер клубымен бірлесіп, қала шетінде тұрып жатқан көпбалалы отбасына көмек көрсетіп қайтты. Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршінді бағып отырған көпбалалы ананың ауласындағы қарды күреп, қолдан келген көмекті аямаған еріктілер аталмыш акцияның мұнымен ғана аяқталып қалмайтынын айтты.

IMG-20200203-WA0040.jpg

Бізде көптеген партиялық жобалар бар. "Біз біргеміз" акциясы аясында жалғыз тұратын ардагерлерге, көпбалалы азқамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған жанұяларға барып түрлі көмектер көрсетеміз. Қаламыздағы түрлі оқу орындарында мыңға тарта ерікті жастар бар. Жастар ресурстық орталығына сол оқу орындарындағы еріктілердің жұмыстарын үйлестіретін азаматтар хабарласып, еріктілердің белгілі бір жұмыстарды атқаруға айын екенін айтып жатады. Біз ондай кезде халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін "Үлбі" орталығына хабарласып, осындай көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін аламыз. Кеше ғана ҚАЕУ-дің "Мейірім" еріктілер клубы Өскемен қаласының іргесіндегі Ахмер ауылындағы жеті бала тәрбиелеп отырған отбасының ауласын қалың қардан тазартып берді, - деді Өскемен қаласы әкімдігіне қарасты Жастар ресурстық орталығының маманы Айдос Әділбеков.

Оқу орындарындағы еріктілер қозғалыстарының бағыттары тек қар күреумен ғана шектеліп қалмайтынын айтқан Айдос Әділбекұлы, олардың әлеуметтік осал топтарға көмектесу, қайырымдылық жұмыстарымен айналысу, экологиялық волонтерлік, жоғалған адамдар мен жануарларды іздестіру сияқты жұмыстарға да жұмылатынын атап өтті. Жаз шыға жалғызбасты қарттардың үйлерін әктеп, жуып-шаюға көмектесуді бастайды.

IMG-20200203-WA0034.jpg

Бұдан бөлек балалар үйлерімен тығыз байланыс орнатқан еріктілер оларда тәрбиеленіп жатқан мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге білім беру бағытында да көптеген жұмыстарды атқаруда.

IMG-20200203-WA0042.jpg

Қоса кетсек, "Біз біргеміз" акциясы өңірдің басқа да аудандарында жалғасын табуда.

IMG-20200130-WA0014.jpg

Осындай қайырымдылық акциясының бірі ағымдағы жылдың үшінші ақпаны күні Үржар ауданына қарасты Шолпан ауылдық округінде ұйымдастырылып, еріктілер Jas Otan жастар қанатымен бірлесе отырып, жалғыз тұрып жатқан қарияның ауласын қардан тазартты.

Өзгелердің жаңалығы