Сібір жарасы. Қарағанды облысының кентіне блок-бекет қойылды

26 Қазан 2023, 12:35
949
Бөлісу:
Сібір жарасы. Қарағанды облысының кентіне блок-бекет қойылды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Қарағанды облысының Топар кентінде сібір жарасы анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сібір жарасы анықталған мал иелерінің айтуынша, ол ауру күйде болғандықтан, етін сатуды жоспарламаған. 

Белгілі болғандай, кейіннен сол ауладағы үш адамнан сібір жарасы анықталды. Тағы екі адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Сондай-ақ олармен байланыста болған 30 адам анықталды. Олармен профилактикалық іс-шаралар туралы түсіндірме жүргізіліп, медициналық бақылау орнатылды, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Қазір ветеринария мамандары үйлерді аралап, малдарды клиникалық тексеру және термометриядан өткізіп, егу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мәжбүрлеп сойылған малдың еті тәркіленіп, мөрленіп, ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылатын болады. Кентте індетті оқшаулау және жою үшін барлық қажетті санитарлық-ветеринарлық эпизоотияға және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Барлық тексерілген ошақта дезинфекция жүргізілді. Ветеринария мамандары үйлерді аралап, малдарды клиникалық тексеру және термометриядан өткізіп, егу жұмыстарын жүргізуде. АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан вакциналар мен дезинфекциялық құралдарға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етті, - дейді мамандар.

Карантин енгізілгелі Абай қаласы жағынан кентке кіреберісте көліктерді санитарлық өңдеуден өткізу үшін бекет орнатылды. 

Карантиндік шараларды сақтау үшін Жартас кентінен Топар кентіне екінші кіреберіс уақытша жабылды. Тұрғындардың қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Сондай-ақ кенттен малды әкетуге және әкелуге, оны шаруашылықтар ішінде өткізуге, ауру малдың сүтін пайдалануға, мал союға және аумақтан жем мен жемшөп қоспаларын әкетуге тыйым салынды, - деп түсіндірді ведомство.

Әкімдік сібір жарасына қатысты жағдай уәкілетті қызметтердің толық бақылауында екенін айтып, халықты дүрбелеңге салынбауын сұрады.

 Оқиға орнында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы мен ветеринария басқармасының, республикалық эпизоотияға қарсы топтың бір топ қызметкерлері жұмыс істеуде. Халықтан дүрбелеңге салынбауды және жалған ақпарат таратпауды сұраймыз. Барлық сұрақ бойынша мына телефондарға хабарласуға болады: (8-72131) 4-48-00, 8-778-009-00-90, - деп ескертті әкімдік.

Еске салсақ, өткен айда Абай облысының Жетіжар ауылында Сібір жарасына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Ауыл тұрғыны Сібір жарасына шалдықты деген күдікке ілінді.

Ал бұған дейін Үкімет отырысында ДСМ басшысы Ажар Ғиният елімізде 32 адам сібір жарасын жұқтырғанын айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы