Елордада Астанада Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің “Ел басқару жөнінде” атты кітабының төрт томдығының қазақ тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кітапта Қытайдың мемлекеттік басқару үлгісі мен жаһандық даму мәселелеріне қатысты Си Цзиньпиннің негізгі ой-пікірлері жинақталған. Қазақша аударма – Қытай мен Қазақстан арасындағы баспа және аударма саласындағы серіктестіктің маңызды нәтижесі.
Қонақтар бұл еңбектің екі ел арасындағы өзара түсіністік пен саяси-әлеуметтік тәжірибе алмасуды тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, бұл бастама "Бір белдеу, бір жол" аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, бейбітшілік пен тұрақты дамуға серпін бермек.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл кітап – Қытай мемлекетінің саяси бағыт-бағдарын, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ұстанымдарын, сондай-ақ ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарын түсінуге ұмтылатын қазақстандық оқырмандар үшін құнды дереккөз болатынын атап өтті.
Туынды – Қытайдың халықаралық аренадағы ұстанымдары мен рөлін саралауға мүмкіндік беретін маңызды еңбек. Өздеріңізге белгілі, Қытай – Қазақстан үшін сенімді дос, одақтас әрі стратегиялық серіктес. Екі ел арасындағы ғасырлар бойғы достық, өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастық бүгінде барлық бағытта табысты дамып келеді. Мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы өзара түсіністік пен жоғары деңгейдегі сенім – екіжақты қарым-қатынастардың нығаюына зор ықпал етіп жатыр, - деп айта кетті министр.
Балаева атап өткендей, тараптар екіжақты байланыстарды нығайтуға және халықаралық аренада өзекті міндеттерді шешуге ұмтыла отырып, ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді.
“Ел басқару жөнінде” кітабының таныстырылымы – саясаттанушылар, халықаралық қатынастар саласының мамандары, Қытай тілін, мәдениеті мен қоғамдық құрылымын зерттеушілер үшін маңызды оқиға, - деп айтты Мәдениет және ақпарат министрі кітаптың тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде.
Ал ҚКП Орталық комитетінің Насихат бөлімі төрағасының орынбасары Ху Хэпин іс-шараға қатысып отырған барлық қонаққа ықыласын білдіріп, Қытайдың дамуына үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Астанадағы барлық досына зор алғысын жеткізді.
“Ел басқару жөнінде” – Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің маңызды саяси еңбегі. Бұл еңбекте Қытайды басқару мен жаһандық басқару мәселелеріне қатысты терең ойлары жинақталған. Ол халықаралық қауымдастыққа Қытайды тануға мүмкіндік беретін идеялық терезе іспетті.
Бүгінде бұл жинақ 4 томнан тұрады, әлемнің 42 тіліне аударылып, 180-нен астам ел мен аймақтарда таралған. Бұл – қазіргі заманның ең кең таралған, ең көп тілге аударылған, ықпалы зор көшбасшы еңбектерінің бірі. Ол – халықаралық қауымдастық үшін Қытай жолын, Қытай теориясын, Қытай жүйесі мен Қытай мәдениетін түсінуге арналған маңызды негіз, - дейді Ху Хэпин.
Оның сөзінше, бұл – Қытай мен Қазақстан баспа және аударма саласы мамандарының бірлескен тығыз ынтымақтастығының нәтижесі. Сондай-ақ бұл екі елдің басқару тәжірибесімен бөлісіп, өзара түсіністікті тереңдетіп отырғанының айғағы.
Бұл еңбек Қазақстан мен Қытай халықтарының бір-бірін тереңірек тануына, сенім артып, ортақ тағдырлы қауымдастық құру жолында жаңа қуатты серпін береді деп сенеміз, - деп айтты ҚКП Орталық комитетінің өкілі.