Шымкенттіктердің 31,2%-ы бұқаралық спортпен шұғылданады

19 Тамыз 2021, 17:21
2715
Бөлісу:
Шымкенттіктердің 31,2%-ы бұқаралық спортпен шұғылданады

BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 және 2020 жылдары Қазақстан халқына жолдауына бұқаралық спортты дамыту, балалар спортына басымдық беру, бұқаралық спорт – ел атын шығарар жаңа чемпиондардың шығуына арналуы керек екенін айтқан. Токио олимпиадашыларымен кездесуінде де бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілетінін айтып, бұл спорт жұлдыздарының жаңа буынын қалыптастыратынына мән берді. Осы орайда Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту бағытында қандай шаруа атқарылып жатқанын білу үшін Дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарласып, атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарларын білдік. Сұрақтарымызға басқарма басшысының орынбасары Ермек Дәрменов жауап берді.

 

–   Әуелі бұқаралық спорттың мән-мағынасын түсініп алайық. Бұқаралық спорты дамыту дегеніміз не?

–   Әрбір елдің даму стратегиясы жазылады. Біздің даму стратегиямызға қарасақ, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының 35%-ы спортқа қатысуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмасы бар. керек. Бұқаралық спортты дамыту дегеніміз – қолжетімді спортты дамыту. Қазіргі таңда қаламызда бұқаралық спорт түріне 71 спорт түрі қамтылып отыр. Мұның ішінде ойын спорт түрлерінен бастап олимпиадалық спортқа дейін бар. Бұқаралық спортты дамыту дегеніміз – әрбір азамат, әрбір отбасының баласы үйінен шығып, ауласындағы спорт алаңқайларында ойнауына, спортпен айналысуына жағдай жасау. Спорт үйірмелеріне барып, жетістіктерге жетуін қамтамасыз ету. Осыдан іріктеу келіп шығады. Ел ішінде талантты балалар көп. Олардың көрінуіне жағдай жасауымыз керек. Спортпен шұғылданатын бала көбейсе, арасындағы таланттарды байқап, табу да жеңілдейді. Балалардың қандай да бір спорт түріне дарынын білген соң, іріктеу жүргізіп, баланың ары қарай кәсіби спортпен айналысуын қамтамасыз етіп, жаңа чемпиондар, олимпиада жеңімпаздары шығуына көмектесу. Ал бұқаралық спортты дамытудағы басты мақсат: ол, әрине, салауатты өмір салтын ұстанатын дені сау, тәні сау азаматтарымызды тәрбиелеу. Бұқаралық спорттың пайдасы өте көп. Бұған жаман әдеттердің, нашақорлық, темекі тарту, маскүнемдіктің алдын алу да кіреді.

 

–   Шымкентте бұқаралық спорттың даму деңгейі қалай?

–  Бүгінгі таңда Шымкентте қала халқының 340 305-і бұқаралық спортпен айналысады. Бұл жалпы халық санының 31,2 пайызын құрайды. Бұған балалар, жастар, ересектер де кіреді. Жыл соңына дейін 35%-ға жеткіземіз. Қазіргі таңда қала әкімі Мұрат Дүйсебекұлы спортпен айналысатын нысандар санын көбейтуге тапсырмалар беріп, осы бағытта көп жұмыс істеліп жатыр. Әсіресе шалғай аудандарда қолжетімді спорт кешендері көптеп салынбақ. Тойхана ғимараттарын спорт ғимараттарына айналдыру бойынша жұмыстар істелуде. Мұндай ғимараттарды түрлі спорт түрлерімен шұғылдануға болатын кешенге айналдыру жоспарымыз бар.

 

–  Шымкентте балалардың спортпен шұғылдануына арналған қанша секция, үйірме, орталықтар бар? Тегін спорт үйірмелері бар ма, қайда және қалай жұмыс істейді?

–  Шымкент қаласында 24 спорт мектебі бар. Әр спорт мектебінде қаншама үйірме ашылған. Спорт түрлері, жасына қарай жаттықтырады. Спорт мектептерінің барлығы да мемлекеттік болған соң тегін қызмет көрсетеді. Қазір жан басына қаржыландыру жобасы бойынша да үлкен жұмыс істеліп жатыр. Мұндағы жұмыс процесі былай: Жеке кәсіпкер спорт нысанын дайындап, бала жинайды. Ал үкімет соған қаржы бөледі, яғни бала жекеменшік спорт мектебінде, не үйірмеде тегін жаттығады.

Бұл – тиімді. Қазір қаламыз коронавирус ахуалына байланысты қызыл аймақта болған соң көптеген спорт мекемелері жабық тұр. Жағдай оңалған соң қайта ашылады. Барлық спорт үйірмелері толық жұмыс режиміне көшіп, қабылдауды бастайды.

 

–  Балаларға арналған спорт орталықтары, үйірмелері тағы ашыла ма, жоспар қалай?

–  Әрине. Алдағы уақытта тағы спорт үйірмелері ашылады. Халқы тығыз орналасқан аудандарда спорт үйірмелері спорт мектебінің ішінде орналасқан. Енді жан басына қаржыландыру жобасы аясында жеке кәсіпкерлердің көбі тойхана, мейрамхана ғимараттарын спорт нысандарына айналдырып жатыр. Жан басына қаржыландыру аясында сонда барып, мемлекет бюджеті есебінен тегін жаттығуға болады. Жеке кәсіпкер біздің басқармаға келіп, тіркеліп, келісім жасайды, сосын жан басына қаржыландыруға қосылып, ата-аналар баласын тегін жаттығуға бере алады.

 

–  Көпқабатты үйлердің ауласында жаттығу алаңшалары қойылып жатыр. Бірақ әлі жеткілікті емес. Мұны қалай шешесіздер?

–  Қаламыздағы жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің ауласына ойын алаңшасы мен баскетбол, спорт, воркаут алаңшалары салынып жатыр. Бұрын кеңес заманында салынған ескі үйлерде спорт алаңқайлары аз-ақ. Мұның да себебі бар, өйткені ауласында жер тапшы. Бұрын салынған үйлерде бұған жер қарастырылмаған. Сондықтан да үй тұрғындарынан «ойын алаңшасы қажет пе, спорт алаңқайы ма» деп сұраймыз. Көбіне тұрғындар ойын алаңшасын қойып беруді сұрайды.

–  Әңгімеңізге рахмет.

 

Айтпақшы, түсіндіре кетелік, жан басына қаржыландыру жобасы аясында 4-18 жас аралығындағы балалар спорт үйірмелеріне тегін бара алады. Ата-анадан баласын спорттың 71 түріне беруіне өтініш қабылданады. Бүгінге дейін 3 мыңнан астам өтініш түсіп, 4 мыңнан астам баланың спорт секцияларына баруына мүмкіндік беріліпті. Бұған бюджет тарапынна 300 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Көктемде Шымкент әкімдігі осы бағытта арнайы сандық платформаны іске қосты. Қазір балалардың спорт үйірмелеріне қатысуына өтініш жіберуге, кәсіпкерлер спорт нысандарын ашып, жан басына қаржыландыру жобасына қатысуы және жаттықтырушылар да өтініш жіберуі үшін арнасы сандық платформа ашылған. Бәрі де artsport.edu.kz сайты арқылы өтінім жолдауына болады.

 



Өзгелердің жаңалығы