Шымкенттегі Әз Наурыз. 7 күндік бағдарламасы шықты

15 Наурыз 2019, 21:16
5689
Бөлісу:
Шымкенттегі Әз Наурыз. 7 күндік бағдарламасы шықты
Фото: автордан

Шымкент. BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар 16-наурыздан басталады. Бұл туралы Шымкент әкімдігінің жанындағы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбдіжаппар Сәкен хабарлады. Ол Шымкенттегі Әз Наурыздың мерекелік бағдарламасын айтып берді.

                

16 наурыз. 15:00

Ертең, яғни 16 наурызда Шымкентте қазақстандық суретшілердің заманауи өнер туындыларының «Ұлы дала хикаялары» жылжымалы көрмесі ашылады.

Абай саябағындағы Бейнелеу өнері музейіне қойылатын көрменің ашылу рәсімі сағат 15:00-ге белгіленген.

Шымкенттегі Әз Наурыз. 7 күндік бағдарламасы шықты

«Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қоғамның, ғылыми орта мен шығармашылық интеллигенцияның тарапынан кеңінен қолдау тауып, кеңістік пен уақыттағы өз орындарын қайта қарастыруға тамаша себеп болды. «Ұлы дала хикаялары» көрмесінде түрлі бағыттарда: аралас техника, бейнеарт, инсталляциялар, перформанстар және т.с.с. жұмыс істейтін қазақстандық суретшілердің шығармашылығы көрініс табады»,-дейді Әбдіжаппар Сәкен.

Айта кетерлігі, бұл көрме 15 сәуірге дейін ашық тұрады.

 

17 наурыз. 13:00-17:00

17 наурыз - жексенбі күні Шымкенттің орталығындағы Арбат алаңында «Шаттық күніне» орай Әз Наурызды атап өту мақсатында жалпыхалықтық мереке өтеді. Мұнда киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдары әзірленеді. Іс-шара сағат 13:00-де басталып, 17:00-ге дейін жалғасады.

 

18 наурыз. 09:00-14:00

Осы күнге «Наурыз керуені» іс-шарасын өткізу жоспарланыпты. Оны Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырады.

«Керуен көші сағат 9:00-де Наурыз алаңында орналасқан қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы алдынан жолға шығады. Жолай Дендросаябақ ішіне кіріп, сонда қазақтың «Ағаштарға ақ бүрку» салтын жасайды. Одан әрі Желтоқсан көшесі бойында орналасқан «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратына жетеді. Сонда сағат сағат 11.00-де «Армысың, Әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасы басталады. Мұндағы жиналған жұртшылық керуенді қазақтың дәстүріне сай сән-салтанатымен қарсы алады. Концерттен кейін «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты алдында 200 адамға арналған дастархан жайылып, қала тұрғындарына мерекенің басты дәмі - наурыз көже таратылады. Керуен тізбегінде түйелер, ат арба, күймелер, автокөліктер жүреді. Зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, әжелер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, театр әртістері мен жастар, барлығы 100-ден аса адам болады»,-дейді Әбдіжаппар Сәкен.

 

21 наурыз. 11:00-15:00

2015 жылдан бері қайта өткізіле бастаған «Қошқар Ата сейілі» көктем фестивалі биыл бейсенбі күніне тура келеді.

Шымкенттегі Әз Наурыз. 7 күндік бағдарламасы шықты

Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенованың айтуынша, осы күні Қошқар Ата өзенінің бойында, дәлірегі бұлақ басына қала тұрғындары жиналады. «Қошқар Ата сейілі» тек Шымкент қаласына тән фестиваль. Ерте заманнан бері өткізіліп,тек тек КСРО заманында тоқтатылған.

«Көктемнің оңтүстіктен басталуын қала тұрғындары ежелден «Қошқар Ата» сейілі» көктем мерекесін атап, ұлттық дәстүрлі ойындар және сауық-сайрандар өткізген. Сондай-ақ, Қошқар-Ата өзеніне көркеюді және мал отардың аман-саулығын тілей отырып, қошқарды құрбандыққа шалған. Іс-шараның мақсаты қазақ халқының ежелгі үрдісін жандандыру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты кеңінен насихаттау, Шымкент қаласына басқа өңірлер мен шетел туристерін тартуға септігін тигізу. Қошқар-Ата өзенінің бастауында пайда болған бұл мереке Шымкент қаласына ғана тән»,-дейді Мөлдір Кеуенова.

Биыл да Қошқар Ата өзені бойында мерекелік бағдарламалар, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар, салт-дәстүрге арналған көрмелер өтеді. Фестиваль сағат 14:00-ге дейін жалғасады.

 

21 наурыз. 15:00-17:00

Орыс драма театрында «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалі өтеді.

«Нұр Отан» партиясы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалін ұйымдастырады. Фестиваль партияның 20 жылдығы аясында өтеді. Қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын дәстүрлі музыка өнері (жыр, терме, ән, күй) насихатталады. Фестивальге танымал өнер майталмандары қатысады»,-дейді Әбдіжаппар Сәкен.

 

22 наурыз. 10:00-21:30

Шымкенттегі Әз Наурыздың басты іс-шарасы Наурыз алаңы мен Орталық ипподромда болғалы отыр. Сол күні Наурыз алаңында сағат 12:00-15:00 аралығында Ұлыстың Ұлы күніне мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, театр көріністері қойылады. Сағат 18:00-21:30 аралығында мерекелік концерт бағдарламасының соңы отшашуға жалғасады.

Ипподромда ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс өтеді.

«Қала саябақтарында да көпшілік серуендер, мерекелік концерт бағдарламалары, көрмелер өткізу жоспарланған. Қаланың төрт аудан әкімдігі, атап айтқанда Еңбекші ауданы және Абай ауданы әкімдіктері Жеңіс саябағында, Әл-Фараби ауданы әкімдігі Тәуелсіздік саябағында, Қаратау ауданы әкімдігі Сайрамдағы «Наурыз» саябағында мерекелік іс-шара ұйымдастырады»,-дейді Әбдіжаппар Сәкен.

 

23-24 наурыз. 10:00-21:30

Қаланың Әз Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралары «Ashyq Aspan» аэронавтика фестивалімен аяқталады. Орталық ипподром алаңында өтетін фестивалде Әуе шарлары ұшырылады.

«Сондағы ұшырылатын әуе шарларына қала тұрғындары да қонақтары мінеді. Біздер сонда барып, әрбір әуе шарына 10-15 тұрғынның тегін мінуіне жәрлем етеміз. Бұл фестиваль де тұрғындарға мерекелік көңіл күй мен қуаныш сыйлайтынына сенеміз»,-дейді Әбжаппар Сәкен.

Өзгелердің жаңалығы