Шымкентте қаржы пирамидасына алданған жәбірленушілер ақшасын қайтарып беруді талап етіп жүр, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Олар 2019-2020 жылдары жұмыс істеген “Гарант 24 ломбард”, “Выгодный займ”, “Estate ломбард” деген қаржы пирамидаларына мүлкін бөліп төлеу тәсілімен сатып, не ақшасын сол ұйымдарға депозит түрінде салған. Алайда 2020 жылы ақпанда бұл қаржы пирамидалары кенеттен жабылып, адамдар мүлкінен де, ақшасын да айырылған.
Міне, содан тергеу ісі 2 жылға жуық уақыт жалғасып, іс сотқа жетті. Ақтөбе қаласының №2 соты 2022 жылғы 26 тамызда үкім шығарып, ақша салған жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырып, кінәлілерден жәбірленушілердің пайдасына өндіруге шешім шығарған. Десе де, айыптаушы тарап өндірілген шығынның мөлшерімен келіспейтіндігі, сот мәжілісіне қатыстыруды, сотталғандарға қатаң жаза тағайындауды және т.б. сұраған өтінішхаты карау бойынша аппеляциялық шағым жолдап, сот отырыстары жалғасып келеді. 2023 жылғы 23 мамырда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында тағы сот отырысы өтті. Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан бір топ жәбірленуші бұл сот отырысына Шымкент қалалық сотының ғимаратынан онлайн қосылып, қатысты.
Бірақ жәбірленушілердің сот отырысына да, сот шешіміне де шағымы бар.
Сотқа дұрыс қатыстырмайды. Өшіріп қояды, бізге сөз бермейді. Бірнеше сот отырысы болды. Дұрыс қатыстырмады. Халықтың ақшасы қайтарылсын. Алданып, соның күйігінен қайтыс болған марқұмдар, несие алғандар бар. Олардың отбасы кредитін төлеп жатыр. Мен автокөлігімді бөліп төлеуге саттым. Ақша салдым. Енді, міне, ақшам да, машинам да жоқ. Кезінде осыларды әншілер, блогерлер, вайнерлер жарнамалады. Солар жарнамалаған соң сеніп, салдық, – дейді Жасұлан Көмеков.
Ал Богдан Шалхаров деген жәбірленуші республика бойынша 17 мыңнан астам адам ақша салып, алданып қалғанын айтады.
Кешегі 2022 жылғы тамызда шыққан үкімінде 1826-ы ілінген. Солардың “ақшасы қайтарылсын” деген шешім шыққан. Бірақ ақша жоқ. Қаншама адам ұсталып, сотталды. Енді олардың сатып алған мүлкін сата ма, жоқ па, ақшамызды қайтарып берсін. Біздің ақшамыз қайда, ақшамыз ұшып кеткен жоқ шығар, бір жерде тұр ғой. Өз ақшамызға қолымызды жеткізуіміз керек, – деді Шалхаров.
Ауырып, сот отырысына келе алмаған тағы бір жәбірленуші Саракұл Досмайылова сот “қаражат қайтарылсын” деп үкім шығарғанын, алайда әлі қайтарылмағанын айтады.
Бірақ қайдан қайтарылатыны көрсетілмеген. Бұл жерде 2 млрд теңге тәркіленген. Ал жәбірленушілердің шығыны 30 млрд теңге. Қалған 28 млрд теңгені қайдан беретінін шешіп айтпай отыр. Тергеу болды. Сот болды. Қалған ақша табылмады. Ұйымдар жабылған кезде 2 млрд теңге тәркіленген. Әлі сол 2 млрд теңге, – дейді ол.
Ақша салып, айырылып қалған тағы бір жәбірленуші Насипа Мерхакимова әлі күнге дейін кредитін төлеп жүр екен.
Бұған дейін 2 млрд теңге тәркіленген. Оны 17 500 жәбірленушіге бөліп берсе, не болады? Бұған келіспейміз. 3 жылдан бері шулап келеміз. Сотта “шуладыңдар” деп өшіріп тастады. Шымкентке сөз бермеді. Сөзімізді кім сөйлейді. Кезінде жарнамасы жақсы болған соң салдық. Несие алып, 4,5 млн теңге салдым. Мүгедектігі бар баламды асырап отырмын. Несие төлеп жүрмін. Қиналып жүрміз. Сонша млн салып, несие төлеп жүрміз. Ақшамыз қайтарылсын, – дейді Насипа Мерхакимова.
Мариям Асқарбекованың айтуынша, кінәлілерден 2 млрд теңге тәркіленген.
Енді сол 2 млрд теңгені 17 500 жәбірленушіге бөліп береміз, десе, келіспейміз. 3,5 жылдан бері сандалып жүрміз. 2 млрд теңге 17 мың адамға не болады, – дейді жәбірленуші Мариям Асқарбекова.
Ал Гүлзахира Аширова осы қаржы пирамидасына алданып, баспанасынан айырылған.
Мен пәтерімді сатып, ескі үйімді жаңалап алайын деп, салдым. Достарым тексеріп, бәрі дұрыс деген соң салдым. 14 ақпанда салдым, 20-ақпанда жабылды. Үйімнен айырылдым, – дейді ол.
Кенжеайым Сихимбекованың сөзінше, ол да кредит алып, 7 млн теңгедей салғанын, қолда келісімшарты бар екенін айтып отыр.
Сот болып жатыр. Тәркіленген 2 млрд теңге ғана ақша бар. Қалғаны қайда? Салық ұсталмаған. Кім қате жіберді, солар ақшамызды қайтарып берсін. Мен кредит алып, 7 млн теңгедей салдым. 30-40%-бен қайтарамыз деп айтқан. 3 айда екі есе қайтарып беруі керек болатын. Келісімшартымыз да бар. Ешкімнің ақшасын қайтарып бермеді, – дейді Кенжеайым Сихимбекова.
2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы ақпан аралығына әрекет еткен “Гарант 24 ломбард”, “Выгодный займ”, “Estate ломбард” компаниялары Ақтөбе қаласында тіркеліп, жұмысын сол жерден бастап, кейін Қазақстанның өңірлерінде филиалдарын ашқан. Сот ісінде бұл қаржы пирамидалары жұмысын үш түрлі бағытта жүргізгені жазылған.
Біріншісі, салымшылар компанияға 300 мың теңгеден 30 млн теңгеге дейін ақша аударып, ай сайын сол салған сомасының 30-40% есебінде сыйақы алып, үш айдан кейін негізгі сомасын қайтарып алатын болған.
Екіншісі, көлік құралын нарықтағы бағасынан 10-30% қымбатқа сатып алып, оның ақысын 3-4 айға бөліп төлеп, бастапқы төлем ретінде 20% беретін болған. Сол көліктерді үшінші тарапқа нарықтағы бағасынан 40%-ға дейін арзанға сатқан.
Үшінші бағыты да, екіншісіне ұқсас. Мұнда көліктің орнына жылжымайтын мүлікті нарықтағы бағасынан 10-40%-ға қымбат сатып алып, үшінші тарапқа нарықтағы бағасынан арзанға сатқан.
Осылайша, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері аталған бағыттар бойынша салымшыларға тез байып, ай сайын пайдаға кенеліп, табыс алып отыруды уәде еткен. 2022 жылғы тамызда Ақтөбе соты осы іс бойынша 48 адамды кінәлі деп танып, оларға түрлі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.