Шымкентте еңбек мобильдігі орталығының басшысына сот үкімі шықты

15 Маусым 2024, 05:45
294
Бөлісу:
Шымкентте еңбек мобильдігі орталығының басшысына сот үкімі шықты
Фото: архив

Еңбек мобильдігі орталығының басшысына қатысты сот үкімі шықты. Ол жыл басында сыбайлас жемқорлық фактісіне байланысты ұсталған еді. Оның үстінен 2 бап бойынша іс қаралып, 16 млн теңгеден аса айыппұл түрінде жаза тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

otyrar.kz-тің жаузы бойынша, ол қайтарымсыз грант бойынша 37 азаматтың өтінішіне электронды түрде қол қойып, 45 млн теңге бюджет қаржысын талан-таражға салуға жол берген деп танылды. Сонымен қатар, сот пара алу бойынша да оны кінәлі деп таныды.

ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен сараланып Еңбек мобильдігі орталығының басшысы кінәлі деп танылды. Яғни, мемлекеттің қаражатына салғырттық таныта отырып, абайсызда ауыр зардаптарға әкеп, мемлекеттің 45 086 200 теңге ақша қаражатын бөліп, мемлекеттің ақшасын талан-таражға салуға жол берген. Еңбек мобильдігі орталығының басшысы ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен, 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 16 233 333 теңге айыппұл жазасы тағайындалды, – дейді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева.

Сонымен қатар, қайтарымсыз грант бойынша 2 комиссия мүшесі мен 1 орталық қызметкері 37 өтініштің 8-інің құжатын тексермеуі үшін пара берген көрінеді. Олар туыстарына көмек беріп жатырмыз деп жалпы соммасы 200 мың теңгені ұсынған. Сол себепті мемлекеттік қызметкермен қатар бірнеше азаматқа қатысты да сот үкімі шығарылды.

Қалған азаматтарға қатысты 25 мың теңге пара берген азаматшаның іс-әрекеті ҚК-нің 367-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 375 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Бұл сумманың 15 еселенген мөлшерінде. Бұл заң шеңберінде. Біз одан аса алмаймыз. 50 мың теңге берген аазамат ҚК-нің 367-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 750 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Және 125 мың теңге берген азаматша ҚК-нің 367-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 875 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалды, – дейді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева.

Айта кетейік, Еңбек мобильдігі орталығы басшысының үстінен бастапқыда 189-бап, яғни мемлекеттің қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салу бойынша іс қозғалған еді. Кейін сот барысында ол сараланып, басқа айыпқа ауыстырылды. Ал 37 грант алушы қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін ақшаны қайтаратын болды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы