Шымкентте ЭКО жасатуға 400-ден астам квота берілмек – Бақытжан Позилов

31 Наурыз 2021, 13:40
3075
Бөлісу:
Шымкентте ЭКО жасатуға 400-ден астам квота берілмек – Бақытжан Позилов
Сұхбат

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды.

Бұл үшін денсаулық сақтау саласындағы экстракорпоральді ұрықтандыру бойынша бөлінетін квота санын 7 есе, яғни 7 мыңға дейін көбейту қажет екенін айтты. Балалы болуды жоспарлаған отбасылардың мақсатына жетуіне себі тиер жаңалықтың Шымкент қаласында орындалуы қалай болып жатыр? Осы туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловпен әңгімелестік. 

  – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында 2021 жылғы қаңтардан бастап ЭКО жасатуға арналған квота санын ұлғайтуды тапсырды. Биыл Шымкентке қанша квота бөлінді? 

  – Иә, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квотаны 7 мыңға жеткізіп, яғни 7 есеге көбейту туралы тапсырма берді. Мінеки, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл басында бұл бағдарлама іске қосылды. Сол үшін де еліміз бойынша ЭКО жасатуға тегін 7 мың квота бөлінді. Осы 7 мың квотаның ішінде біздің Шымкент қаласына 400-ден астам квота берілмек. Егер бұрнағы жылдардағы статистиканы алар болсақ, 2019 жылы тегін квотоа саны 50-ге де жетпеген еді. Ал 2020 жылы бұның саны 64-ке өсті. Бұл айтарлықтай үлкен көрсеткіш емес. Салыстыра қарасақ, биыл әлдеқайда көп мүмкіндік беріліп тұр. Бұдан бөлек Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институты бар. Сол клиникаға да 700-ден астам квота бөлінген. Институт 700 квотасының 300-ін Шымкент қаласына беріп отыр. Осылайша бір перзентке зар болып жүрген адамдар талапқа сай қажет құжаттарын өткізіп, қатысуына болады. 

  – Бұл квотаны алу үшін де арнайы талаптары бар екен. Бұл қандай талаптар және қандай құжаттар қажет? Осы төңірегінде толығырақ айтып беріңізші. 

  – Бұл жөнінде Шымкент қаласы тұрғындарынан өте көп сауал келіп түсуде. Мен инстаграм парақшамда осы тақырып төңірегінде арнайы тікелей эфирге шығып, тұрғындардың сауалына жауап беріп жүрмін. Дегенмен барлық сауалды қамту мүмкін емес. Сол себепті жұртшылық білу керек маңызды ақпараттарды айтып өтейін. Ең алдымен бұл квота 18-42 жас аралығындағы адамдарға беріледі. Осы жастағы адамдар тегін медициналық кепілдендірілген көмек пакет аясында немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында ЭКО жасатуға мүмкіндігіңіз бар.

Басты талаптың бірі осы жас кезеңінде болып тұр. Бұған тек 18-бен 42 жас аралығындағы әйел адамдар ғана қатыса алады. Енді бізде ЭКО-ның ақылы түрі де бар. Онда нұсқасында жасқа шектеу жоқ. 42-ден асқан адамдар да жасатуына болады. Тағы бір қатаң талап - әйел адам күйеуімен заңды түрде некеде тұруы шарт. Ол АХАЖ бөлімінде тіркелген болуы керек. Яғни екі адамның неке куәлігі болуы тиіс. Содан кейін ол адам емханаға барып тіркелуі керек. Немесе тіркеуде тұрған емханаңызға барып, гинеколгқа тексеріліп, 3 түрлі анализ тапсырады. Еркек адам да анализ тапсыруы керек. Мұның себебі анализдің нәтижесі бойынша дәрігерлер табиғи жолмен бала көтерті үшін барынша емдеп көреді. Табиғи жолмен жүкті болуға ешқандай мүмкіндік болмаса, оған дәрігерлердің көзі жетсе, сол жағдайда ол жұпты есепке алып, Нұрсәт шағынауданында орналасқан перинаталды орталық бар. Сол жерде репродуктолог дәрігермен комссия бар. Дәрігер комиссияға жолдайды. Ол комиссия өз кезегінде анализдерді қайталап, қайта тексеріп, Шымкент қаласындағы 4 ЭКО-орталықты ұсынады. Қайсысына бару керек екенін жұптың өзі таңдайды. Ол орталыққа барған соң, олар кезекке тұрады. Қазір бізде 500-ге жуық жұп кезекте тұр.

  – Бұған дейін өз қаражатына ЭКО жасатып, бірақ сәтсіз аяқталған адамдар квота алуға қатыса ала ма? 

  – Әрине, қатыса алады. Жоғарыда айтқанымдай , ол кісілер де қайта кезекке тұрып, ЭКО-дан қанша өтсеңіз де өз еркі. Бұған қойылған арнайы шектеу жоқ. Тіпті бұл жолғы квотаның бірін жеңіп алып, ол сәтсіз өткен жағдайда тағы бір квотадан үміттеніп, қатысуына болады. 

  – Жалпы әйел ағзасы ЭКО-ны қабылдауға қанша рет шыдайды? 

  – Әйел ағзасы соншама рет қана төтеп береді деген нақты ештеңе жоқ, өйткені ЭКО-ның сәтсіз аяқталуына тек ағза ғана кінәлі болмайды. Мұның себептері бар. Біріншіден адамдардың қосымша аурулары болуы мүмкін. Екіншіден жасанды ұрықтандыруды жасаған кезде әйел күтінбеуі мүмкін. Осындай көптеген себептері бар. «Бірнеше рет жасанды ұрықтандырудан кейін әйел адамның ағзасы жарамай қалады» деген жоқ.Сәтсіз аяқталып жатса екінші, үшінші тіпті оныншы рет те салдыра береді. 

  – ЭКО квотасын алу үшін бір перзенті де жоқ жұптар ғана қатыса ала ма әлде бірінші баласынан кейін ұзақ уақыт балалы бола алмаған жұптарға да мүмкіндік бар ма? 

  – Әрине, мүмкіндік бар. Парақшамда өткізген тікелей эфирде дәл осындай сауалдар көп болды. Сондықтан «бұл - біраз отбасыны алаңдатқан сауал» деп түсіндім. Міндетті түрде «бір перзентке зар болып жүрген жұбайлар ғана қатыссын» деген талап жоқ. Мен қатысушыларға қойылатын бар талапты сұхбаттың басында түсіндіріп өттім.

Сондықтан егер бірінші немесе екінші балаңыздан кейін де ұзақ уақыт перзент сүйе алмай жүрсеңіз, мұндай жағдайдағы отбасылар да қатысуына мүмкіндік бар екенін ескерте кетейін. Адамдарды дұрыс ақпараттандыру үшін мұндай тікелей эфирді әлі де өткіземіз. Немесе Отырар – TV телеарнасындағы «Халық пен Билік» бағдарламасына әр сейсенбі сайын, кешкі сағат 20:00-де сұхбат беремін. Сол кезде толғандырған сауалыңызды тікелей эфир арқылы қойып жауап ала алатыныңызды да айта кетейін. Өйткені бұл - өте ауқымды тақырып, балалы бола алмай жүрген көп отбасы бар. Себептері әр түрлі. Әр қайсысы себебін түсіндіріп, жағдайына қарай маман жауабын білгісі келеді. 

  – Білуімізше, ақылы ЭКО-ның бағасы да әртүрлі. Мұның себебі неде? Сапаға байланысты ма? 

  – Енді ақылы ЭКО құны 280 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Мұндағы баға айырмашылығы жұмыс сапасына байланыс-ты емес. 

Ең басты жұмыс аналық жұмыртқа жасушасын ұрықтандырады. Содан кейін оны арнайы камерада сақтайды. Сосын овуляция цикліне байланысты ананың жатырына орналастырады. Осындай процедура барысында баға анықталады. Ол сервиске байланысты өзгеруі мүмкін. Қосымша дәрі-дәрмек берілуі мүмкін. Тексеру де осының ішіне кіретін кездер де болады. Осындай жағдайларға байланысты баға да өзгереді. Ал баға айырмашылығына сапаның ешқандай қатысы жоқ. Барлық жасанды ұрықтандыру сапасы бірдей. 

  – Сұхбатыңызға рахмет!

 

 



Өзгелердің жаңалығы