Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке мегаполисте аспалы арқан жолын салу жөніндегі жоба таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында жобаның алдын ала бағыттары, технологиялық шешімдері, сондай-ақ жобалау мен құрылыс кезеңдері жан-жақты қарастырылды. Жобалық жобаға сәйкес, әуе көлігі Республика, Тәуке хан, Қонаев, Бәйдібек би, Абылай хан даңғылдарын, сондай-ақ Цитадель, Тұран және Shymkent City шағын аудандарын кезең-кезеңімен жалғайтын болады.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл жоба халықтың көлікке қолжетімділігін арттыруға, көше-жол желісіндегі жүктемені, әсіресе тығыз салынған және қозғалыс қарқыны жоғары аймақтарда, айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, туристер үшін тартымды жаңа нысан ретінде қала инфрақұрылымын байыта түседі.
Жобаны іске асыру заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға тың серпін береді. Бұл бастама іргелес аумақтардың дамуына ықпал етіп қана қоймай, құрылыс кезеңінде де, кейінгі пайдалануда да жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызады, — делінген ресми хабарламада.