Шымкентте 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылыс басталды

7 Желтоқсан 2023, 16:34
517
Бөлісу:
Шымкентте 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылыс басталды

Шымкент қаласында 51 мыңнан астам халық әлеуметтік, 175 мыңға жуық азамат кредиттік тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл туралы брифинг барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халық санының қарқынды өсуіне байланысты шахарда баспанаға деген қажеттілік артқан. Қазіргі уақытта өңірде осы мәселені шешу үшін 4 мың пәтерлі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам пәтер береміз. 1 миллион теңгеден 201 азаматқа қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттары табысталды. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар санатына енбейтін азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасы аясында 150 отбасыға жеңілдетілген несиелер берілді (20 млн теңгеге 5%-бен 20 жылға дейін жеңілдетілген несие беру). Бұл бағдарлама өз жалғасын табатын болады,-деді қала әкімі.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін 1 миллион 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Одан бөлек, биылғы жылы біраз елді-мекендерде ауыз су, электр жүйесі, табиғи газ бен кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталады.

Қала тұрғындары 65% кәріз жүйесімен, 96 % табиғи газбен, 99 пайыз ауыз сумен, сондай-ақ 100 пайыз электр жүйесімен қамтылатын болады,-деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Қала әкімі өңірде көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында айналма және магистральды жолдардың өткізуде бірқатар ірі жобалар іске асырылып жатқанын да тілге тиек етті.

Ташкент – Алматы – Түркістан бағыттарын қала орталығымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы 232 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, 10 айда 210 шақырым жол пайдалануға берілді,-деді өңір басшысы.

Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қалада биыл жақсы жолдардың үлесі 71%-ға жеткен. Бірақ өңір басшысы бұл салада өзекті мәселе бар екенін де атап өтті.

Шет аумақтарда 1 мыңнан аса шақырым жол асфальтталмаған. Биылдан бастап топырақ жолға заманауи технологияларды қолданып, ресайклинг тәсілімен жол жабыны төселуде. Бұл тәсіл оң нәтижесін беріп отыр. Өзекті мәселені ескеріп, келер жылы жолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаржы көлемін едәуір ұлғайттық.  Осының есебінен ұзақ жылдан бері келе жатқан топырақ жолдар мәселесі шешімін табады,-деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.  

Өзгелердің жаңалығы