Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, яғни 5 сәуірден Шымкент көшелеріне орнатылған «Сергек» камералары айыппұл тіркеуді бастады. «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі» бұған дейін Астанада, сосын Алматыда іске қосылған.
Енді міне, Цифрлы Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкентте де жұмысын бастады. Былтыр жаздың соңында Шымкент көшелеріне орнатылып, содан бері пилотты режимде жұмыс істеген «Сергек» камералары қайда орнатылған?
«Айыппұл сомасы 261 млн теңгеге жетер еді»
Шымкентте «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі әкімшілік айыппұл салуды 5 сәуірден бастайтынын қала әкімінің орынбасары Данат Жумин Facebook парақшасында хабарлады. Ол жазбасында «Сергек» камералары жыл басынан бері айыппұл жазғанда оның сомасы неше теңгеге жетуі мүмкін екенін де айтты.
- Маңызды ескерту! 5 сәуірден бастап, Шымкентте "Сергек" интеллектуалды бейне бақылау жүйесі жол қозғалысы ережесін бұзушыларға айыппұл салуды бастайды.
Өткен жылы"Сергек" "Сергек" интеллектуалды бейнебақылау жүйесі пилотты режимде іске қосылды. Жыл басынан бері автокөлік жүргізушілерін наурыз айының соңынан бастап айыппұл салу енгізілетіні туралы хабардар етіп келдік. Жүйенің толықтай баптауын келтірдік. Жұмыс істеп тұр. Жаңа жылдан бері 15 243 жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері тіркелді. Егер сол ереже бұзушыларға айыппұл салған болсақ, онда бүгінде айыппұл сомасы 261 517 325 теңгеге жетер еді.
Автосүйер қауым! Сіздерді жол қозғалысы ережесін сақтау, заңды бұзбауға шақырамын. 5 сәуірден бастап ешқандай жеңілдік болмайды. Айыппұл салынады. Құрметті қала тұрғындары, жол ережесін сақтайық!-деді Данат Жумин.
Шымкенттегі «Сергек» камерасы қандай айыппұл жазады?
Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Айнұр Юсупованың айтуынша, қаладағы «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі тіркейтін жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтар тізімі кезең-кезеңімен қосылып отырады. Әзірге Шымкенттегі «Сергек» камералары әзірге жол қозғалысы ережелерін бұзудың үш түрін тіркейді.
Атап айтқанда,
1. Жылдамдықты шектен тыс арттыру;
2. Қызыл жанғанда стоп-сызықты басу;
3. Қос жолақты кесіп өту
сынды үш бұзушылықты тіркеп, айыппұл жазады.
Оның сөзіншше, қауіпсіздік белбеуін тақпау және телефон қолдануын тіркеу алынып тасталыпты. «Сергек» камерасының әрекет ету қашықтығы 50 метрді құрайды.
Ереже бұзушылықты тіркеудің екі түрі бар
«Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесінде жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін тіркеудің екі түрі бар екен.
Оның біріншісі, процессинг орталық арқылы тіркеу.
Мұнда жол бойындағы «Сергек» камералары қозғалыстағы автокөліктің ереже бұзуын видеофиксация жасайды. Сосын ол деректер орталық серверге жібереді. Процессинг орталығы айыппұлды өңдеп, оны автокөлік иесінің поштасына жолдайды.
Екіншісі, «Сергек» мобиль қосымшасы. Мұнда «Сергек» камерасы ереже бұзушылықты тіркейді. Деректер процессинг орталығына жолданып, о жақтан сол маңдағы Жол-патруль қызметінің постына жіберіледі.
Олар автокөлікті тоқтатып, айыппұл ресімдейді.
Жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарыңызды бірнеше жолмен білуге болады. Олар: sms-хабарлама, поштамен келетін хат, сондай-ақ жол қозғалысы ережесін бұзушылық үшін тоқтатқан жағдайда жол полициясынан сұрау.
«Сергек» салған айыппұлды қалай төлейді?
Айыппұлды бірнеше жолмен төлеуге болады. Біріншісі әрі ең оңайы төлем терминалдары арқылы төлеу. Бұдан бөлек «Қазпошта» бөлімшесі, e-gov порталы, екінші деңгейлі банктер арқылы да төлем жасайды.
Егер айыппұлды 7 тәулік ішінде төлесеңіз, онда жазылған айыппұлдың 50 пайызын төлейді. Егер 7 күннен кейін төлесе, онда жазылған айыппұлды толық өтеуге тура келеді.
Ал 30 күн ішінде төлемеген жағдайда аймақтық жеке сот орындаушыларының палатасына өтеді. Әрмен қарай есепшоттарды бұғаттау, жылжымайтын мүліктер арестке қою сынды өтеп алу әрекеттеріне ұласып кетеді.
Шымкентте «СЕРГЕК» камералары қайда орнатылған?
Қазір Шымкентте 30 жерге орнатылған «Сергек» камералары жұмыс істейді. Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының ұсынған дерегінше, қаланың әр бұрышындағы жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалайтын интеллектуалды бейнебақылау жүйесі орнатылған мекенжайлары төмендегідей:
1. А2 Алматы-Ташкент-Термез тас жолы және Бәйдібек би даңғылы (Бозарық айналма жолы)
2. Евразия базары
3. А2 Алматы-Ташкент-Термез тас жолы және Әл Фараби көшесі қиылысында
4. А2 Алматы-Ташкент-Термез тас жолы (Ә. Молдағұлова-Ғ.Мүсірепов көш.)
5. Түркістан жолы мен Бақбаев көш қиылысында (Шымкент әуежайына бұрылыс)
6. Түркістан жолымен қиылыс (Киров бөлімшесі)
7. Гагарин көшесі және Алпысбаев көшелерінің қиылысы
8. Гагарин көшесі және Кентаев көшелерінің қиылысы
9. Республика даңғылы («Рахат» аялдамасы маңында)
10. Республика даңғылы, Қазығұрт ш/ауд бұрылатын тұста
11. Төлеметов және Өтегенов көшелерінің қиылысы
12. Төлеметов көшесінде Назарбаев Зияткерлік мектебіне бұрылысында
13. Өтегенов және Шакиров көшелерінің қиылысы
14. Өтегенов көшесі (Жаңаша моншасының алды)
15. Қонаев даңғылы («Royal» фитнес-клубының алды)
16. Бәйдібек би даңғылы («Гранд Береке» кафесінің алды)
17. Бәйдібек би даңғылы («Алтын сарай» мейрамханасының алды)
18. Арғынбеков көшесі («Көркем» мейрамханасының алды)
19. Арғынбеков көшесі (Шаяхметов-Жібек жолы жақ бетте)
20. Жібек жолы және Арғынбеков көшелерінің қиылысы
21. Жібек жолы көшесі бойындағы «Шин-Лайн» дүкенінің жанында
22. Жібек жолы көшесі бойындағы Шымкент университеті жанында
23. Жібек жолы және Бабашұлы көшелерінің қиылысы (Таскен елдімекені)
24. Арғынбеков көшесі («Рахима Плаза» сайда үйі)
25. Ленгер айналма жолы (ШМӨЗ зауытына бұрылыс)
26. Бәйтереков және Назарбеков көшелері («Нұрсәт» шағынауданы)
27. Жаңаталап елдімекені, Шардара көшесінің(Қызылжар елдімекені, Коммунизм бөлімшесі)
28. Забадам елдімекені, Саттарханов көшесіндегі (Мешіт жанында)
29. Жібек жолы және Төлеметов көшелерінің қиылысы (Таскен елдімекені)
30. Бәйтереков және Төлеметов көшелерінің қиылысы