Шымкенттің жылдық экономикалық өсімін 10%-ға жеткіземіз – Ғ. Әбдірахымов

22 Мамыр 2019, 22:15
1651
Бөлісу:
Шымкенттің жылдық экономикалық өсімін 10%-ға жеткіземіз – Ғ. Әбдірахымов
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласы экономикасының дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіштің бірі – өткен жылы жалпы аймақтық өнім көлемі 2 трлн теңгеге жетті. Жалпы өсіп 11,9 пайызды көрсетті. Енді жылдық өсімді жыл сайын 10 пайызға ұлғайту көзделіп отыр. 

Бұл туралы Шымкентте өткен қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясында қала әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов айтты.
     
Шымкент даму қарқыны жағынан II орында 

Әкімнің айтуынша, қала басшылығы жылдан жылға даму жоспарын құрған. Соған сәйкес, қала экономикасының жылдық өсімін 10 пайызға жеткізу белгіленген.

"Жыл сайын экономикалық өсімді 10 пайызға ұлғайтсақ, онда 5 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жетеміз. Даму қарқыны жағынан Шымкент қаласы республикада екінші орынға шықты. Қаланы дамытуға 582,1 млрд теңге инвестиция тартылып, инвестиция көлемі 2,6 есе өсті. Осылайша, Шымкент қаласы республикадан бірінші орында келеді. Инвестицияның молайы құрылыс жұмыстарының қарқынын ұлғайтып, екі есе ұлғайды",-деді Ғабидолла Әбдірахымов. 

Өткен жылы Шымкентте 500 мың шаршы метр пәтер тапсырылыпты. Биылғы жоспарға сәйкес, тағы 600 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. 

"Осылайша жыл сайын ұлғайта отырып, 1 млн шаршы метрге жеткізу жоспарымыз бар. Сол көрсеткіштерге жету арқылы қаладағы баспанамен және жұмыс қамту мәселесін шешеміз. Құрылыс көп болса, жұмыс көп болады. Құрылыс көп болса, үй көп соғылады. Көпбалалы аналар, жастар, тағы басқа санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етеміз. Сондықтан біз құрылыс жұмысына үлкен мән беріп жатырмыз. Құрылыс бар жерде шағын және орта кәсіп дамиды. Құрылыс біткенде сол үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаз алу керек болады. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға септігін тигізеді",-деді Ғ. Әбдірахымов.

Әкімнің айтқанындай, ҚР индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының кәсіпкерлерді қолдау картасы шеңберінде, 2018 жылы барлығы 9,7 млрд теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылып, 635 жұмыс орны құрылды. 

     Шағын және орта кәсіпкерлің көлемі 782 млрд теңгеге жетті 

Қаладағы жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік саны 60 мыңға жуықтады. Шағын және орта кәсіп саласында143 мың адам қызмет етеді. Шағын және орта кәсіптің шығарған өнімі 782 млрд теңгеге жетті. 

"Сондықтан біз шағын және орта кәсіпкерлікті әрмен қарай дамытамыз. Біздің экономикамызға қарасақ, 50 пайызы – сауда, 31 пайызы – шағын және орта кәсіпкерлік, 18 пайызы – үлкен зауыт-фабрикалар үлесіне тиесілі. Тағы бір айта кетер жайт, саудадағы, шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлердің салық төлеу мәселесі. Бізде қазір, даяшы, не басқа да жұмыс істейтіндерге күн сайын қолма қол еңбекақысын береді. Ешбір шотына түспейді. Зейнетақы жарналары аударылмайды. Ертең банкке барып, ипотека алайын десе, ешқандай ресми табысы жоқ. Сондықтан мен қала тұрғындарын, жастарды жұмысқа тұрғанда, сол кәсіпкерлерден ресми аударымдар жасауын талап етуге шақырамын. Бұл сіздердің қауіпсіз жұмыс істеуіңізге ықпал етеді. Ертең ресми табысыңызды растауға керек болады",-деді Әбдірахымов. 

       Келер жылы қала бюджеті 300 млрд теңгеге жетеді 

Әкімнің сөзінше, Шымкентте 100 млрд теңгенің салық түсімі жиналады. Ал қаланың жалпы бюджеті – 200 млрд теңге шамасында екен.

"Біз соның 100 млрд теңгесін қаладан жинаймыз, қалған 100 млрдын үкіметтен аламыз. Барып, сұраймыз. Біз сияқты солай сұрайтын барлығы 17 өңір бар. Қаржы министрі, экономика министрі сұраған қаржымызды бере салмайды. Қажет екенін дәлелдеуіміз қажет. Менің айтқым келетіні – біз бір жыл ішінде халық сұраған талаптардың барлығын орындай алмаймыз. Мәселен, әрқайсыңыздың отбасыңыз бар. Бала-шағаңыз бар. Әр отбасының табысы бар. 5 бала болса, бес балаңыз келіп, маған киім әпер, маған велосипед әпер, маған компьютер әпер, мен Түркияға барып, демалғым келеді деп айтады. Сіз барлығының қажетін бір ретте орындай алмайсыз. Олармен «осы айда велосипед алып берейін, келесі айда компьютер алып берейін, тағы солай солай» деп келісесіз. Қаланың бюджеті де дәл сондай. Қалаға қосылған 40 елдімекен бар. О жақта не су, не газ, не жарық, не жол жоқ. Қаланың бюджеті бұрын тек қаланың орталығына есептелген. Қазір енді өсіп жатыр. Қазір көп бюджет шеттегі елдімекендерге жұмсалып жатыр. Қала орталығындағылар «неге бізге жағдай жасамайсыздар, неге бізге аула, неге бізге тротуар салмайсыздар» деп айтады. Біз қазір шеттегі әр елдімекен тұрғындарымен келісіп, «биыл мына жолды жасаймыз, келесі жылы мына жолды жасаймыз, биыл мұнда жарық жүргіземіз, келер жылы мұнда су, кәріз жүйесін жүргіземіз» дедік. Соның барлығын есептей берсеңіз, 1 трлн теңгеден асады. Биылғы қала бюджеті 200 млрд теңге болса, келер жылы 300 млрд болады. Сондай жоспарымыз бар. 2-3 жыл ішінде жағдайымыз қазірге қарағанда 2 есе дұрысталуы керек. Мен соған сенемін",-деді әкім. 

     1 млн адамға 740 мемқызметкер 

Әкімнің айтуынша, бБилік пен халық бір біріне сенуі үшін бірін бірі алдамауы қажет. Сонда халықтың билікке сенімі қалыптасады. 

"Ал билік халық үшін қызмет етуі керек. Шымкентте 1 млн адамнан астам тұрғын бар. Ал соларға қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлер бар-жоғы 740 адам. Мемлекеттік қызметкерлер де қала тұрғындары. Олар да біреудің баласы, біреудің қызы, біреудің әкесі, біреудің анасы. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлерді сыйлайық. Олардың көбі – таза адамдар. Әрине, арасында әртүрлі адамдар шығады. Біз ондайлармен күресіп жатырмыз. Ең бастысы, біздің қала үшін бірлік, татулық, достық керек. Сол кезде біздің қала туристерге де, инвесторларға да тартымды болады",-деді Ғабидолла Әбдірахымов. 

     «Шымкент – жастары көп қала» 

Әкім сөз соңында, Шымкенттің ерекше қала екенін айта келе, қалыптасқан достық аурасы барына тоқталды. 

"Біз 1 млн тұрғыны бар республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғандықтан Шымкент – жаһандық интернационалды қалаға айналуы тиіс. Біз Орталық Азиядағы үлкен қалаларға үлгі болуымыз керек. Шымкент – заманауи қала. Халқының көзі ашық қала. Келешекке үлкен оптимизммен қарайтын қала. Шымкент – жастары көп қала. Біз автоматизация, it саласында алда келе жатырмыз. Әрмен қарай сол жұмысты жалғастыруымыз қажет. Біз алға ұмтыла отырып, өткен салт-дәстүрімізді ұмытпауымыз қажет. Жаңа деңгейге көтерілуіміз қажет. Шымкент – ертең адам қызығатын, басқа қалаларда көшіп келіп, өмір сүргісі келетін қалаға айналуы керек. Сол кезде инвестиция келеді, ақша келеді, қаламыз бай болады",-деді Ғабидолла Әбдірахымов. 

Еске салсақ, Шымкент – республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанынан кейін тұңғыш өткізілген сессия «Қоғамдық келісім формуласы: бірлікпен жаңғыруға» тақырыбына арналды. Қаладағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында ұйымдастырылған сессияға барлығы 1000-ға жуық адам қатысты. 

Статистикалық деректерге сәйкес, 1 млннан астам тұрғыны бар Шымкент халқының 66,7 пайызы қазақ ұлтынан тұрады. Ал 17,7 пайызын – өзбектер, 9,1 пайызын – орыстар, қалған 6,5 пайызын өзге этнос өкілдері (әзірбайжандар – 1,7%, татарлар – 1,02%, түріктер – 0,7%, корейлер – 0,6% және т.б.) құрайды. Бүгінде Шымкенттегі 130 мектептің 50-і қазақ, 1 мектеп – орыс, 4 мектеп өзбек тілінде білім береді. Ал 75 мектепте аралас тілде оқытады. Қалада тіркелген 171 БАҚ-тың 148-і қазақ, 97-сі орыс, 3-і өзбек, 1-і неміс, 8-і ағылшын тілінде жарық көреді. Қазіргі таңда Шымкенттің мәдени әралуандығын қамтамасыз етуде қалалық 15 этномәдени бірлестік (славян, өзбек, армян, әзірбайжан, грек, грузин, түрік, татар-башқұрт, корей, күрді, неміс, иран, ұйғыр, шешен-ингуш және «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі») жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы