Шымбұлаққа көтерілетін автожол уақытша жабылады

12 Наурыз 2022, 11:28
1407
Бөлісу:
Шымбұлаққа көтерілетін автожол уақытша жабылады

Алматы, BAQ.KZ. «Қазселденқорғау» ММ ескертуі бойынша қар көшкіні жүру қаупіне байланысты Шымбұлаққа баратын автожол уақытша жабылады.

Мамандардың хабарлауынша, қар деңгейі әдеттегіден 30 см-ге жоғары. Кеше сағат 9:49-да Үлкен Алматы өзені бассейнінде 7 мәрте қар көшкіні тіркелген.

«Медеу мұз айдыны - Шымбұлақ тау-шаңғы кешені» автожолы бойында 11 қауіпті қар көшкіні жиыны орналасқан. Ол жердегі барлық қар осы жолға түсетіндіктен, жол бойындағы көліктер мен жаяу жүргіншілер өміріне асқан қауіп төндіреді. Адам шығынын болдырмау мақсатында Шымбұлаққа көтерілетін автожол көлік үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де жабық болады,-делінген хабарламада.

Жыл сайын көктем кезінде қар көшкіні қаупі жоғарылайды, себебі қыс кезінде қар жиналып, көктем кезінде тау басында тұрақтай алмайды.

Көбіне қар көшкіні күндізгі уақытта, жылымық күндері тәулік бойы жүреді. Жағдай ушықққанда қар көшкіні едәуір көлемде жүруі мүмкін.

«Қазселденқорғау» ММ-мен келісе отырып, жолдың ашылуы туралы қосымша жарияланатын болады. 
 

Өзгелердің жаңалығы