Шығыстың жолшылары «батыстық» тәсілді қолданбақшы

12 Мамыр 2023, 19:05
1081
Бөлісу:
Шығыстың жолшылары «батыстық» тәсілді қолданбақшы
PHOTO
Фото: Тілеубек ШАЯХМЕТ

Биыл Шығыс Қазақстанның өзен-көлдеріне апаратын автокөлік жолдары «батыстық» әдіспен жөнделеді деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Жаз шыға жағажайды бетке алатын туристер енді демалыс орындарына шалдықпай жетеді. Ең қызығы облыста алғаш рет жол құрылысында бұрын-соңды болмаған тың әдіс қолданылмақ.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтің хабарлауынша, Ұлан ауданыдағы Сібе көлдеріне апаратын жолдың 25 шақырымы жөнделеді. Сөйтіп «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тартымды туристік аймаққа жету жеңілдей түспек.

Сібе көлдеріне апаратын жолдың жалпы жағдайы жаман емес. Бұрынғы аудан орталықтарын қолдау жөніндегі облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Бозанбай ауылының кіреберіс жолы орташа жөнделеді. Ары қарай Сібе көлдеріне дейін барамыз. Бесінші көлден ары Тарғын ауылына дейінгі асфальт жабыны жоқ жол учаскесіне биыл алғаш рет эксперименттік жоба қолданбақпыз. Яғни, төрт пайыз цемент пен арнайы сұйықтықты пайдаланып тың әдіспен жол салып көреміз, – дейді басқарма басшысы.

Шығыстың жолшылары «батыстық» тәсілді қолданбақшы

Мұндай әдіс еліміздің батыс өңірінде кездеседі. Мұнай скважиналарына апаратын жолдарды ол жақта осы әдіспен салады. Автокөлік комитетінің тапсырмасына орай мұны Шығыс өңірінде де қолданып көруге бекініпті мамандар. Цемент араластырылып құйылған жол бетон тәрізді қатып қалады. Бұл – қысы қатал, жазы ыстық Шығыс Қазақстанның жолдарын жөндеуде таптырмайтын әдіс. Сондай-ақ эксперименталды жабынды Сібе көлдерінен Тарғынға дейінгі жол бөлігіне төсеудің бір тиімді тұсы – Өскеменге жақын. Сондықтан жөнделген жолдың жағдайын, сапасын жиі-жиі тексеріп тұруға ыңғайлы.

Егер эксперимент сәтті өтіп, жол сапасы ойдағыдай болса аталған әдісті өңірдегі қиыршықтасты жолдарға кеңінен қолдана бастаймыз. Әсіресе өңіріміздің туристік аймақтарына апаратын жолдарды жөндегенде осы тәсілге сүйенеміз. Айталық, Марқакөл ауылынан Ұранхай ауылынаа дейінгі жолды осындай жабынмен төсесек деген ойымыз бар. Сонымен қатар Ұлан ауданындағы Дұбығалы және Шыбындыкөл демалыс аймақтарына апаратын жолдарды жөндеу жоспарда тұр, – дейді Нұржан Жұмәділов.

Шығыстың жолшылары «батыстық» тәсілді қолданбақшы

Басқарма басшысының айтуынша, Ұлан ауданының әкімдігі Шыбындыкөлге апаратын жолды жөндеу бойынша жобалық-сметалық жоба жасапты. Дегенмен бес шақырымдық жолдың бойы орман-тоғайлы болғандықтан жоба іске аспай, құжат ескіріп қалған. Орман қорына қарасты жерлердің мақсатын өзгерту тек республикалық жолдарды салу кезінде рұқсат етілетінін алға тартқан ведомство басшысы аталмыш норманы өзгертуге қатысты министрлікке ұсыныс жазылғанын атап өтті.

Қандай маңыздағы жол болмасын бірінші кезекте халық қажеті үшін салынады. Таяуда осы мәселе көтеріліп, аудан әкімдігі мүмкіндігіне қарай қаржы бөліп, Шыбындыкөлдің жолын шама-шарқынша реттеп қоюға уәде берді. Сондай-ақ жазықта тұрса да Дұбығалы көлінде де осындай түйткіл бар. Оған апаратын жолдың бойында да бұта-қараған көп. Дегенмен біз қол қусырып отырмай, аталған мәселелер бойынша әрекет етіп жатырмыз, – деп қосты Нұржан Жұмәділов.

Демалыс аймақтарына апаратын көлік жолдарын жөндеу арқылы біз облыстың туристік тартымдылығын арттырып, көлік қатынасын жақсартамыз.

Өзгелердің жаңалығы