Шығыстағы қауіпті аймақтар әуеден барланды

14 Наурыз 2023, 12:12
1157
Бөлісу:
Шығыстағы қауіпті аймақтар әуеден барланды
Фото: Sputnik

Құрамында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы бар жұмыс тобы аймақтағы су тасқыны қаупі жоғары бірқатар учаскені әуеден барлап қайтты, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Түрлі сала мамандары қатысқан рейд барысында Риддер қаласы, сондай-ақ Алтай, Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Самар мен Ұлан аудандарындағы өзен арналары, гидротехникалық құрылыстар, таулы және далалы аймақтар тексерілді.

Алтай ауданында Бұқтырма өзеніндегі мұзды ұсақтауға бағытталған жарылыс жұмыстарының барысымен таныстық. Тексеріс барысында Күршім ауданына жауған қардың шамамен 70 пайызы еріп кеткені белгілі болды. Ал, Самара мен Ұлан аудандарында еріген қардың мөлшері 20-40 пайыз аралығында. Байқағанымыз, далалы аймақта қардың еру процесі жылдам жүріп жатыр екен. Жер-жердегі жағдай тәулік бойы бақылауда, – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Арман Тоқановтың айтуынша, тексерілген жерлерде өзендердің арналарынан шығу деректері тіркелген жоқ.

Бұқтырма мен Үлбі өзендерінің беттері мұзбен жабылған. Қалжыр өзенінің арнасы мұздан енді ғана ашыла бастады. Тексерілген гидротехникалық құрылыстардағы жағдай тұрақты, суға толу деңгейі 30-60 пайызды құрайды. Ал таулы аймақтардағы ахуал өзгеріссіз, бөктерде әлі де едәуір мөлшердегі қар қоры бар, – деп атап өтті Арман Тоқанов.

Еске салайық, облыста су тасқынымен күреске жергілікті атқарушы билік органдарының және азаматтық қорғаныс саласының 1 719 қызметкері, 756 техникасы, 83 жүзу құралы, сондай-ақ 224 мотопомпасы дайын тұр. Бұған қоса, көмекке әскерилер де келуге әзір. Мәселен, қажет болған жағдайда, Алтай ауданындағы апаттың алдын алу іс-шараларына №68303 әскери бөлімінің күштерін тарту жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы