Шығыстағы егіс алқаптары 10 мың гектарға ұлғайды

25 Мамыр 2023, 15:06
1100
Бөлісу:
Шығыстағы егіс алқаптары 10 мың гектарға ұлғайды
Фото: pixabay.com

Биыл Шығыс Қазақстандағы егістік алқаптарының ауданы былтырғымен салыстырғанда он мың гектарға кеңейіп отыр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы берген ақпаратына сенсек, биыл егіс алқабы 653,1 мың гектарға жетіп, көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 10,7 мың гектарға артық болады.

 

Мал азығына сұраныс артты

Шығыс өңірінің диқандары қоңыржай климатқа тән дақылдарды өсіруге машықтанған. Биыл да шаруалар егістік алқаптарының құрылымын өзгерткен жоқ.

Атап айтсақ, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың үлесі 43 пайыз болса, майлы дақылдарға тиесілі аумақ 33 пайызға жеткен. Сондай-ақ шығысқазақстандық шаруалар мал азығы дайындалатын алқаптарды да жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Биыл мұндай алқаптар көлемі алты мың гектарға ұлғайып, жалпы егістік үлесінде 21 пайызға жетті. Картоп пен бақша дақылдарының алқабы өткен жылмен салыстырғанда мың гектарға ұлғайған.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағындықовтың айтуынша, мамырдың соңғы онкүндігінде облыста 415,8 мың гектар аумақта ылғал жабу жұмысы жүрген.

Ылғал жабу толық жүргізілді. Сонымен қатар егу алдындағы өңдеу жұмыстары 358 мың гектарда жүргізілсе, көктемгі жер жырту жұмыстары 63,3 мың гектар алқапты қамтыды. Қазір бұл жұмыстар аяқталуға жақын, – дейді Рамиль Сағындықов.

Биыл Катонқарағай, Күршім, Самар, Ұлан аудандарының шаруалары дақыл көлемін жылдағы көрсеткіштен асырып, түсімді арттыруды ойластырып отыр.

 

Тұқымның сапасы қандай?

Биыл облыс шаруашылықтары 25 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуды жоспарлап отыр.

Бүгінде аудандармен 20 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға шарт жасалса, оның 8,1 мың тоннасы Алтай, 3,6 мың тоннасы Глубокое, 2,3 мың тоннасы Катонқарағай, 5,2 мың тоннасы Шемонаиха, 0,4 мың тоннасы Ұлан ауданына тиесілі. Қазір тыңайтқыштардың 88 пайызы тиісті аудандарға жеткізілді, – дейді Рамиль Сағындықов.

Сапалы астық өсіру үшін тұқымның өнімділігі, тазалығы, пісу мерзімі маңызды. Мысалы, себілетін тұқымның тазалығын алып қарайық. Басқа дақылдармен, я болмаса сабан араласып кеткен бидай тұқымсепкіштің елегінен өтпей, алқапқа толық себілмей қалуы мүмкін. Яғни тұқым бір жерге аз, келесіге шамадан тыс көп себіліп кетуі ықтимал. Оның үстіне, арамшөптен тазартылмаған астық қамбада жатып күйіп кетуі де мүмкін.

Биыл тұқым себу көлемі 75,3 мың тонна болса, оның ішінде дәнді дақылдар – 60 мың тонна, майлы дақылдар – 2,5 мың тонна, жемшөп дақылдары – 0,8 мың тонна, картоп – 12 мың тонна шамасында. Облыстағы шаруалар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар тұқымымен толық қамтылған. Жыл сайын майлы және жемшөп дақылдарының тұқымдары бойынша аздаған тапшылық қалыптасады. Дегенмен ол басқа өңірлерден, шетелден тасымалданатын тұқым есебінен жабылады, – дейді Рамиль Сағандықов.

Барлық тұқымның сапасы тексеріледі. «Қазагрэкс» деректері бойынша осы жылдың 15 мамырында тексеруге 69,4 мың тонна тұқым түсіп, оның 68,4 мың тоннасы тексеріліп, 100 пайыз кондицияланған.

Басқарма басшысының хабарлауынша, сапа бойынша тексерілген тұқымның басым көпшілігі – бірінші сыныпты.

 

Жаңа тракторлар өз бағасын 4-5 жылда ақтайды

Жаңа техниканы несиеге алуды жолға қойған шығысқазақстандық шаруалар оның өз бағасын қай кезде болмасын еселеп ақтайтынын байқаған. Осындай әдіспен үнемделген қаражат пен оған қоса мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар жаңа техниканың 40 пайызына дейінгі шығынын жауып тастайды. Ал қалған 60 пайызы төрт-бес жылда жабылып, ары қарай шаруаға табыс әкеле бастайды. Биыл да диқандар тракторлармен, басқа да техникалармен толық қамтылған.

Облыс шаруашылықтарында көктемгі егіс жұмыстарына дайын тракторлар, егіс және топырақ өңдеу техникалары жеткілікті. Атап айтқанда, 16 082 трактор, 9446 егіс және топырақ өңдеу техникасы дайын. Облысқа көктемгі егіс жұмыстары үшін биыл Павлодар мұнай зауытынан литрі 186 теңгеден 20 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Наурыз, сәуірге бөлінген дизель үш және жеті мың тонна көлемінде жөнелтілсе, мамыр айына жеті мың тонна дизель отыны бөлінді, – деді Рамиль Сағандықов.

 

Шаруалар субсидияларын алып отыр

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары үшін облыстық бюджеттен биыл 4 миллиард теңгеден астам субсидия бөлу көзделсе, оның 1,1 млрд теңгесі тұқым шаруашылығын қолдауға, 1,6 миллиарды тыңайтқыш бағасын төмендетуге, 1,3 млрд теңгесі пестицид бағасын төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар 50 миллион теңгеге жуық соманы суару қызметінің бағасын субсидиялауға бағыттау көзделген.

Тұқым шаруашылығын дамытуды және еңбек құнын арттыруды субсидиялау жөніндегі өтініштерді қабылдау осы жылдың 13 сәуірінде басталды. Мамыр айына тұқым шаруашылығын субсидиялау бойынша 150 млн теңге және еңбек құнын өтеу бойынша 500 млн теңге сомасына өтініш жоспарланған. Биыл облыс шаруашылықтары үшін Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 миллиард теңге бөлді, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Өзгелердің жаңалығы