Жазғы шомылу маусымында Шығыс өңірі бойынша 7 адам суға батып, мерт болды, олардың барлығы да 18 бен 46 жас аралығындағы ер адамдар, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Судан адам баласына төнетін қатер аз емес. Жыл сайын жаз шыға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суға шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігін ескертіп, хабарлаумен болады. Дей тұрғанмен, суға батып, қаза табатындар азаймай келеді. Облыста қыркүйектің басында суға түсу маусымы ресми түрде жабылып, құтқарушылар ала жаздай атқарған жұмыстарын қорытындылады.
Биыл жазда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 14 адамды судан құтқарыпты, оның екеуі – бала. Құтқарушылар жергілікті әкімдіктермен, полициямен, еріктілермен бірге күнделікті рейдтер ұйымдастырды. Жалпы саны 2340 рейт өткізіліп, 304 ескерту белгісі, 130 стенд орнатылған. Демалушылардың қауіпсіздігін қамту мақсатында жұрт жиі баратын «Көгілдір бұғаз» демалыс аумағында, сондай-ақ Самар және Күршім аудандарында мобильді бекеттер жұмыс істеді. Мұнымен қоса, Өскеменнің аумағына да құтқарушылардың жылжымалы посттары қойылды.
Өкінішке қарай, осы жазда 7 адам суға батып кетті. Олардың бәрі – 18 бен 46 жас аралығындағы ер азаматтар. Қайғылы жайттардың басты себептері – адамның өз-өзіне деген асқан сенімділігі, судағы қауіпсіздік ережелерін елемеу, рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, мас күйде суға түсу, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков.
Деректерге жүргізілген сараптама оқыс жағдайлардың негізінен демалыс күндері орын алғанын көрсетеді. Жеті өлімнің екеуі Өскеменнің іргесінде жатқан Ұлан ауданындағы көлдерде болған екен.
Шомылу маусымы кезінде көпшілік демалатын орындарда 189 құқық бұзу дерегі тіркелген. Атап айтсақ, 364-ші бап – «Су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 80 адам, 440-шы бап – «Ішімдік ішу немесе қоғамдық орында мас күйде болу» бойынша 75 адам, 582-ші бап – «Қайықтарды пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 33 адам жауапқа тартылыпты.
Иә, жыл сайын ескерту де жасалды, ал оны елемегендер тиісті жазаға да тартылды. Десек те, келер жазда қайғылы оқиғалардың қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Өкінішке қарай, біздің халық қарапайым ғана қауіпсіздік қағидаларын ескере бермейді, ал соның салдарынан қаншама адам өмірімен қоштасып жатады.