Шығыста көше шамдары көбейеді

24 Сәуір 2023, 12:35
1776
Бөлісу:
Шығыста көше шамдары көбейеді
Фото: Тілеубек Шаяхмет

Алдағы екі жылда Өскеменге 6 мың, ал өңірдің бірқатар аудан-қалаларына 10 мыңға жуық жарықдиодты көше шамы орнатылатын болады, деп хабарлайды Шығыс Қазақстандағы BAQ.KZ тілшісі. 

Заманауи шамдар анағұрлым жарық әрі үнемді.

Былтыр Өскеменде көшелерді жарықтандыру жүйесін қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін диспетчерлік орталық ашылған еді. Көше шамдарын орнату жұмыстары облыс аудандарында да жүргізілгеннен соң бұл орталық өңірдің барлық елді мекендеріндегі жүйелерді біріктіретін болады.

Өскеменде көшелерді жарықтандыру жүйесі жаңартылуда, оның аясында шаһар шетіндегі айналма жолдар мен көшелер де қамтылады.

Көше шамдарын жарықдиодты шамдарға ауыстыру жобасы 2019 жылдан бері Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асуда.

Жоба Өскемен көшелерінің жарықтандыру жүйесін жаңғыртуды көздеді. 12,8 мың көше шамын ауыстырылып, 2,8 млрд теңгеге тиісті инженерлік инфрақұрылым жаңартылды, – дейді өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының көшелерді жарықтандыру жөніндегі жоба жетекшісі Юрий Халитов.

Шығыста көше шамдары көбейеді

Жобаның міндеті – ескірген газразрядты шамдарды жарығы мол диодты шамдарға ауыстыру және тәулік уақытына байланысты шамның жарығын басқару.

Осы мақсатта өткен жылы Өскеменде диспетчерлік орталық іске қосылды. Жүйенің негізгі қызметі – қаладағы екі жүзден астам шкаф арқылы шамдарды қашықтан басқару.

Басқару процесін автоматтандыру шамдарды қосу-өшіру кестесін бекітуге, ал шамдарды басқару жарықты күңгірттеу арқылы электр қуатын 50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Орталықта төрт диспетчер жұмыс істейді, олар 7/24 режимінде жағдайды бақылап, әр шкаф туралы барлық ақпаратты арнайы бағдарлама арқылы көріп отырады. Шкафтардың мобильді интернет арқылы жүйемен байланысы үзілсе де, олар өздігінен жұмыс істей береді, бастысы – электр энергиясының болуы. Сондай-ақ диспетчерлер тұрғындардан жарықтың болмауы туралы хабарлама қабылдап, жөндету үшін апаттық бригадаларды жөнелте алады, – дейді Юрий Халитов.

Жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс алдағы жылдарға жоспарланған. Жалпы құны 5,2 млрд теңге болатын 6 мың шамдалды орнату арқылы «Өскемен көшелерінің жарықтандыру жүйесін жаңғыртудың екінші кезеңі» жобасы іске асатын болады.

Жоба облыс орталығындағы Сол жағалау, Меновное, Согра, Мирный, Шмелев Лог, Ахмер, Үлбі, Прохладное, Радужный, Бабкина мельница, Аблакетка, Защита аудандарының, 22-ші, 23-ші шағын аудандарының, Самсоновка ауылының жарықтандырылмаған көшелерін қамтиды. Модернизация Глубокое және Ұлан аудандарында да қарастырылған.

Монтаждау жұмыстары келер жылдың көктемінде басталады, мердігерге жұмыстарды атқаруға шарт бойынша бір жарым жыл беріледі. Көшелердің тізімі анықталып, кейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурс басталады, – деді Юрий Халитов.

Көше шамдарын жаңарту жұмыстары қалалар мен аудан орталықтарында да жүріп жатыр. Жоба бойынша барлығы 4,5 миллиард теңге сомаға 9,9 мың жарық нүктесін жаңалау көзделуде.

Алғашқы кезең аясында сегіз елді мекеннің 5,6 мың шамы ауыстырылу үстінде. Бұлар – Риддер, Алтай, Зайсан, Шемонаиха қалалары, Глубокое, Қасым Қайсенов кенттері, Күршім, Үлкен Нарын ауылдары. Жұмыстар осы жылдың бірінші жартысында аяқталмақ. Екінші кезеңде 17 елді мекеннің 4,2 мың шамы жаңғыртылады. Қазір елді мекендер мен көшелердің тізбесі бекітіліп жатыр, сосын сметалық құжаттамасы әзірленеді.

Юрий Халитовтың айтуынша, жұмыстар аяқталғаннан соң аудандардағы көшелерді жарықтандыру жүйелерін басқару бойынша бірыңғай диспетчерлік орталық құрылады.

Өзгелердің жаңалығы