Шығыста астық ору науқаны жүріп жатыр

30 Қыркүйек 2022, 12:44
1147
Бөлісу:
Шығыста астық ору науқаны жүріп жатыр
Фото: автордан

Шығыс Қазақстанда биыл егістік алқаптары 24 мың гектарға ұлғайған болатын, сол себепті астық түсімі былтырғыдан аспаса, кем болмауы тиіс, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Аймақта астық жинау тамыздың аяғында басталған-ды. Атап өтерлігі, Шығыста күріштен өзге дақылдардың бәрі өсіріледі. 

Былтыр дәнді дақылдар 615 мың гектарға себілген, биыл 639 мың гектарға егілді. Жаздың басында жаңбыр аз болып, шаруалардың алаңдағаны рас. Абырой болғанда, дақыл көктей бастағанда жауын мол болды. Осы жылы дәнді дақылдардың орташа түсімі гектарынан 18 центнерге дейін жетіп отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов. 

Биыл астық жинауды Шемонаиха мен Ұлан аудандарының диқандары бірінші болып бастады.

Бүгінге дейін күздік және жаздық бидай, қара бидай, арпа, сұлы, тары, қарақұмық толықтай дерлік жиналып қалды. Оларды кептіруде және сақтауда кедергі жоқ. Жалпы, біздегі элеваторлар мен шаруашылықтардың меншік қоймалары 1 миллион тонна астықты сақтауға қауқарлы, – дейді басқарма басшысы.

Өңірдегі шаруашылықтарда 209 қырман бар, оларда астық бастапқы тазартудан өтеді. Сондай-ақ, облыста бес қуатты элеватор жұмыс істеп тұр.

Орақ науқаны басталғанда жыл сайын қайталанатын мәселе – жанармай тапшылығы. Биыл да осы проблема шаруаны әуреге салды. Жер-жерде дизель отыны жоғалып, құны қымбаттап кетті. Десек те, басқарма жағармай жеткізуге міндетті 20 операторды белгілеп, жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын мәлімдеп отыр. 

 Биыл Үкімет облыс шаруашылықтарына күзгі жиын-терім жұмыстарын атқару үшін Павлодар мұнай зауытынан 17,8 мың тонна дизель отынын бөлді. Литрі 204-212 теңге аралығында сатылуда. Сұйық отынға мемлекет тарапынан субсидия беру қарастырылмаған, – дейді Рамиль Сағындықов.

Өңір диқандарының техникамен жабдықталуы жаман емес. Егіс алқаптарында 2074 комбайн жүр, оның 355-і – шетелдік заманауи комбайндар. Сала мамандары мұнша техника астықты шығынсыз жинап алуға толық жеткілікті дейді.

Қазір жиын-терім науқаны бел ортасынан асқан, соңғы цифрлар кейінірек белгілі болады.

Өзгелердің жаңалығы