Шығыс Қазақстанда санитарлық талаптарға бағынбағандарға 70 млн теңге айыппұл салынған

20 Қараша 2020, 14:26
1655
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда санитарлық талаптарға бағынбағандарға 70 млн теңге айыппұл салынған
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Облыста арнайы құрылған мониторингтік топ 1 қыркүйек пен 10 қараша аралығында он мыңнан астам нысанды қамтыған 4 мың рейд жасаған. 

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлім етті. 

Оның айтуынша, 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтамай жұмыс істейтіні анықталып, 70 млн теңгенің айыппұлы салынды. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты мониторингтік топтың саны да артты. Қыркүйекте олардың саны 100 болса, қазанда – 160, қарашада 167-ге жеткен. 

Сондай-ақ облыста коронавирустың ошақтарын жоюға бағытталған арнайы орталық ашылды. Ол науқастарды зертханалық мәліметтер бойынша анықтаудан вирус ошағын жоюға дейінгі кезеңді қамтитын бес модуль бойынша жұмыс істейді. Орталықтың 584 медициналық бригадасы қарашаның 15 күні ішінде 3,5 инфекция ошағынан байланысты болған 10 мың адамды анықтады. Қажет болған жағдайда бригада санын тағы 100-ге көбейте аламыз, - деді Даниал Ахметов.  

Қазір облыс аумағы блок-бекеттермен қоршалған. Аймақтың вирус көп тараған аудандары мен қалаларына бөлек санитарлық бекет қойылған. 

Қолданылған шаралар нәтижесінде қараша айының басымен салыстырғанда өңірде вирус жұқтыру көрсеткіші төмендеп келеді. Ең жоғары көрсеткіш 7 қарашада тіркелді. Бұл күні облыста вирус жұқтырушылар саны 353 адамды құрады. 16 қараша күні 221 тіркеліп, көрсеткіштің төмендегіні байқадық, - деді ол. 

 

Жалпы пандемия басталғалы бері облыста 14402 адам вирус жұқтырған.

Айта кетейік, бүгін ШҚО-да барлық мектеп қашықтан оқыту форматына көшірілгені белгілі болды. Сонымен қатар облыста көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1,6 млрд теңге бөлінгені анықталды.

Өзгелердің жаңалығы