Швеция мемлекеттік қызметкерлерге ChatGPT пайдалануға шектеу қойды

Шешім жыл басында Швеция көлік басқармасында жүргізілген аудиттен кейін қабылданған.

 depositphotos.com 27 Қазан 2026, 01:29
27 Қазан 2026, 01:29
159
Фото: depositphotos.com

Швеция үкіметі мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс компьютерлерінде ChatGPT және Claude жасанды интеллект құралдарының веб-нұсқаларын пайдалануға тыйым салды. Шектеу құпия ақпараттың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 26 қазанда күшіне енді. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Шешім жыл басында Швеция көлік басқармасында жүргізілген аудиттен кейін қабылданған. Тексеру барысында қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде AI платформаларын қолдануға қатысты бірқатар мәселе анықталған.

Билік өкілдерін құпия деректердің арнайы қауіпсіздік келісімдерінсіз сыртқы платформаларға енгізілуі алаңдатады. Мұндай ақпарат сақталып, модельдерді оқытуға пайдаланылуы мүмкін.

Швеция үкіметінің цифрландыру жөніндегі директоры Микаэль Веттеркранцтың айтуынша, тиісті келісімдермен реттелмеген платформаларды пайдалану елдің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі ықтимал.

Сонымен бірге мемлекеттік қызметкерлерге қауіпсіздік тексеруінен өткен Microsoft Copilot құралын пайдалануға рұқсат етіледі. ChatGPT пен Claude қызметтерін қолдану арнайы құрылған AI платформасы арқылы және шектеулі қызметкерлер тобы үшін ғана мүмкін болады.

Sveriges Radio мәліметінше, осындай шектеулер Швецияның Салық басқармасы мен ұлттық мәжбүрлеп ұстау басқармасында да енгізілген.

Бұған дейін Швеция үкіметі деректер қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты DeepSeek платформасын да мақұлданбаған құралдар қатарына қосқан.

Наверх