Алматыда Қазақстан Республикасының күніне орай «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары жалғасып жатыр. 17–27 қазан аралығында қала тұрғындары азық-түлік және өзге де тауарларды жеңілдетілген бағамен сатып ала алады.
Жеңілдіктердің ең қызған кезеңі 23–27 қазан аралығына сәйкес келеді. Акцияға қатысатын сауда орындарында жекелеген тауар санаттарына 10–70 пайыз аралығында жеңілдік қарастырылған. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, киім-кешек, аяқкиім, тұрмыстық техника мен үйге қажетті заттар бар. Жеңілдіктердің түрі мен шарттары әр дүкенге қарай өзгеруі мүмкін.
Акция отандық өндірушілерді қолдауға, халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға және ішкі сауданы ынталандыруға бағытталған.
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы сауда бөлімінің бас маманы Елнұр Нұрпейісовтің айтуынша, республикалық акция аясында сауда орындары сатып алушыларға түрлі тауарды төмендетілген бағамен ұсынып отыр. Әсіресе маусым ауысқан кезде мұндай ұсыныстарға сұраныс артады. Өйткені тұрғындар гардеробын жаңартып, үйге қажетті заттарды сатып алады.
Республикалық акциялар аясында сауда орындары сатып алушыларға тауарлардың кең таңдауын төмендетілген бағамен ұсынып отыр. Әсіресе маусым ауысатын кезеңде мұндай ұсыныстарға сұраныс артады. Бұл уақытта тұрғындар киім-кешегін жаңартып, үйіне қажетті заттарды сатып алады. Сатып алушылар үшін бұл – отбасылық шығынды оңтайландыруға мүмкіндік. Ал кәсіпкерлер үшін келушілер санын, тауар айналымы мен сату көлемін арттыруға қосымша ынталандыру, – деді Елнұр Нұрпейісов.
Акцияға сауда ойын-сауық орталықтары мен киім дүкендері де қосылған. Кейбір сауда орындарында бірнеше зат сатып алғандарға қосымша жеңілдіктер қарастырылған.
Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде жұмыс істейтін сатушының айтуынша, күзде жылы киім мен маусымдық аяқкиімге сұраныс айтарлықтай артады.
Қазір сатып алушылар күртеше мен қысқы аяқкиімге көбірек қызығушылық танытып отыр. Бірнеше тауарды тиімді бағамен алуға мүмкіндік беретін арнайы ұсыныстар да сұранысқа ие. Мұндай жеңілдіктер әсіресе суық маусымға дайындалып, бірден бірнеше қажетті зат сатып алатын отбасылар үшін ыңғайлы, – деді ол.
Жеңілдіктер 27 қазанды қоса алғанға дейін жалғасады. Акцияға қатысатын тауарлардың тізімі туралы ақпаратты дүкендердің өзінен білуге болады.