ШҚО: Тарбағатайдағы білім мекемелері толықтай жаңартылады

27 Ақпан 2020, 17:18
1934
Бөлісу:
ШҚО: Тарбағатайдағы білім мекемелері толықтай жаңартылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы бес жылда Тарбағатайдағы білім беру ұйымдарының 70 пайызы қайта жөнделеді. Бұл туралы бүгін Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында өткен кездесу барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова хабарлады. 

Құзырлы мекеме басшысының айтуынша, қазіргі уақытта аудандағы 73 білім беру мекемесінде 11 мыңға таяу бала білім алып жатқан көрінеді.

Аудандағы білім жүйесін дамыту мақсатында алдағы бес жыл көлемінде облыс бюджетінен 1,4 млрд. теңге қарастыру көзделген. Атап айтсақ, 2020-2021 жылдары 747,6 млн теңге қаражатқа сегіз білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткізілсе, 2020-2024 жылдары аралығында жалпы құны 676,7 млн теңге қаражатқа 34 білім беру мекемесі ағымдағы жөндеуден өтеді, - деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.   

Жалпы айтқанда, аудан аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының 68,9 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық мектептерде оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдайлар жасалады.

Сонымен қатар, биыл инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламасы аясында аудандағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнап 28 мектепте инклюзивті кабинеттер жабдықталады. Осылайша келесі жылы инклюзивті білім алуға жағдайы жасалған орта білім ордаларының үлесі 100 пайызға жеткізіледі. Аталған мақсатта биылғы жылы 67 мұғалім арнайы курстан өткізіледі, - деп қосты басқарма басшысы.



Өзгелердің жаңалығы