2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге шығаруға байланысты 3 855 құқықбұзушылық фактісі тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 2 450 адам, ал қоғамдық орындарды ластағаны үшін 434-2-бап бойынша 1 405 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
2025 жылғы 13 наурыздан бастап стихиялық полигондарға қоқыс шығарғаны үшін жаңа айыппұл мөлшері күшіне енді. Өңірдің табиғатты қорғау прокуратурасы хабарлағандай, азаматтарға 100 АЕК көлемінде (393 200 теңге) айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлік субъектілері үшін бұл сома әлдеқайда жоғары:
- шағын бизнес пен лауазымды тұлғаларға - 200 АЕК (786 400 теңге);
- орта бизнеске - 500 АЕК (1 966 000 теңге);
- ірі бизнеске - 1000 АЕК (3 932 000 теңге).
Біз жүйелі заңбұзушылықтарға куә болып отырмыз: қалдықтар орман белдеулерінде, жол бойында немесе елді мекен шетінде төгіледі. Бұл қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, халық арасында жазасыздық сезімін тудырады. Сондықтан айыппұл мөлшерін арттыру мәжбүрлі және қажетті шара, - деді табиғатты қорғау прокуратурасының өкілдері.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы бөлінбеген орындарда кез келген қоқыс жинау әрекеті стихиялық полигон ретінде танылады. Бұл құрылыс қалдықтарына, ескі жиһазға немесе қоқыс контейнерінің қасына қалдырылған тұрмыстық заттарға да қатысты.
Ведомстволар аймақта тазалықты бақылауды күшейтуде, алайда мамандар тұрғындардың экологиялық сана-сезімі мен жауапкершілігін арттыру – мәселенің түпкі шешімі екенін атап өтуде.