ШҚО-да жастар несиесіне өтініш қабылдау басталды

18 Сәуір 2023, 19:35
808
Бөлісу:
ШҚО-да жастар несиесіне өтініш қабылдау басталды
Фото: inbusiness.kz

Шығыс Қазақстан облысында жастар несиесіне өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жастарға арналған шағын несие жасы 21 мен 35 аралығындағы, өтініш берген сәтте жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жыл толмаған жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.

Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 %. Негізгі қарыз бен сыйақыны төлеу мерзіміне жеңілдік қарастырылған, яғни төлем несие мерзімінің үштен бірі өткеннен кейін төлене бастайды.

Кепілге мүлік қою – басты талап. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса, Кепіл берушіні (ата-анасы, туысы, т.б.) тартуға болады. Жастар несиесіне өтініш пен құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалына тапсыру керек. Мекенжайы: Өскемен қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 51, - делінген корпорация таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ барлық облыс орталығы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы филиалында жастар несиесіне өтініш қабылданып жатыр. Алғашқы айда түскен өтініштердің басым бөлігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету және сауда-саттық саласына қатысты. 2023 жылы жастарға барлығы 5 796 шағын несие беру жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы