ШҚО-да көктемгі аңшылық маусымы ашылды

11 Сәуір 2023, 21:29
1214
Бөлісу:
ШҚО-да көктемгі аңшылық маусымы ашылды
Фото: altaynews.kz

1 сәуірден бастап өңірімізде аталық үйрек пен құрды, сондай-ақ қоңыр аюды аулаудың көктемгі маусымы ашылды. Аңшылық маусымы 15 мамырға дейін жалғасады.

Бұл туралы аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясы мәлімдейді, деп жазды Altaynews.

Ережеге сәйкес, аңшылық шаруашылығында ұя салатын үйректерді көктемгі аулау кезінде аңшылар «аулаушы үйректерді» немесе арнайы тұлыптарды қолдануға тиіс. Қоңыр аюды ату тиісті аңшылық субъектісі қорықшысының қатысуымен жүзеге асырылады.

Аңшылық шаруашылықтары аумақтарында аң аулауға жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаты және аңшылық шаруашылығы ұйымының жолдамасы болған кезде рұқсат етіледі.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан аумағында 43 аңшылық шаруашылығы бар, оның 26-сы 15 аң ісін пайдаланушыға бекітілген. Олардың аумағында бөлінген лимитке сәйкес аң аулау жүргізіледі. Ал 17 аңшылық шаруашылығы резервтік қорда тұр және олардың аумағында аң аулауға қатаң тыйым салынған.

Аумақтық инспекция әуесқойлық, яғни спорттық аң аулау аңшыда мына құжаттар болған кезде жүзеге асырылатынын ескертеді – аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын қолдана отырып аң аулау кезінде – жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оның оқтарын сақтауға және алып жүруге арналған рұқсат, қолға үйретілген жыртқыш құстармен аң аулау кезінде – сол құстың паспорты.

Инспекция және басқа да табиғатты қорғау ұйымдары үнемі рейдтер жүргізуде. Олардың мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерінің жолын кесу.

Өзгелердің жаңалығы