ШҚО-да екі жұмысшы кәріз құдығында есінен танып қалды

Оқиға орнына жеткен учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов арқанның көмегімен кәріз құдығына түсіп, жұмысшыларды құтқаруға кіріскен.

 depositphotos.com 20 Тамыз 2026, 21:48
20 Тамыз 2026, 21:48
169
Фото: depositphotos.com

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында полицейлер кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған екі жұмысшыны құтқарды. Оқиға Қасым Қайсенов кентінде болған.

Polisia.kz-тің мәліметінше, «Молодежный» КМК-нің екі қызметкері №11 үйдің маңында кәріз құбырларын тазалап жатқан. Жұмыс барысында олардың бірі құдыққа түсіп, есінен танып қалған. Оған көмектеспек болған екінші жұмысшы да құдыққа түсіп, есінен айырылған.

Оқиғаны сол маңнан өтіп бара жатқан Ұлан ауданының криминалисі Асет Нағашбаев байқап, дереу учаскелік полиция инспекторына хабар берген.

Оқиға орнына жеткен учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов арқанның көмегімен кәріз құдығына түсіп, жұмысшыларды құтқаруға кіріскен. Ол алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін құдықтан шығаруға көмектесті.

Құтқарылған екі азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.

Полиция мәліметінше, Асет Нағашбаевтың жедел әрекеті мен Нұрдәулет Тетеповтің көмегінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.

Наверх