ШҚО-да балалар суициді азаймай отыр

29 Маусым 2022, 09:25
1800
Бөлісу:
ШҚО-да балалар суициді азаймай отыр

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид деректері көбейіп барады. Бұл өзекті мәселе облыстық прокуратурада түрлі сала мамандарының қатысуымен талқыға салынды.

2020 жылы жастар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 9 дерегі тіркелсе, былтыр, яғни 2021 жылы 11 фактісі орын алған. Сонымен қатар, 2020 жылы суицид жасауға оқталудың 48, ал 2021 жылы 64 дерегі тіркелген. Осы жылдың басынан бері 3 кәмелетке толмаған бала өз-өзіне қол жұмсады. Сондай-ақ, 11 аяқталмаған суцид әрекеті тіркеліп отыр, – деді отырыста облыс прокуроры Алмат Байшолақов. 

Жиынға қатысқан медицина қызметкерлері, полицейлер, педагогтар, мектептер мен колледждердің басшылары суицидтің алдын алу бойынша қолға алынған шаралардың тиімділігі төмен екенін атап көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов мәселені түбегейлі зерделеп, қосымша профилактикалық шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Біздің жасаған талдауымыз көрсеткендей, көп жағдайда суицидті 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер жасайды. Мұндай әрекетке ұлдардан гөрі қыз балалардың жиірек баратыны да анық байқалады. Себептері туралы айтсақ, олар – әртүрлі. Көбінесе үй ішіндегі дау-жанжал, құрбы-құрдастарымен кикілжің, жауапсыз махаббат қайғылы жағдайларға себеп болып жатады. Суицид жасау әдістері де әр алуан, әдетте жастарымыз дәрі-дәрмек ішу, жіпке түсу, биіктен құлау арқылы өз өмірлерімен қош айтысады, – деді облыс прокурорының орынбасары Азамат Тілешев

Жастар арасындағы суицидтер Семей мен Курчатов қалаларында және Аягөз ауданында ең көп тіркелген. Ал өз-өзіне қол сұғуға әрекеттер бойынша Өскемен, Семей, Риддер көш бастап отыр. Бұл деректер ауыл балаларына қарағанда қала балаларының суцидке жиірек баратынын аңғартады.

Талдау қортындысы бойынша, суицидтік әрекеттердің басым бөлігін толық және бақуатты отбасылардың балалары жасағаны байқалады. Бұл суицидке негізінен әлеуметтік мәселелерден гөрі, ішкі психологиялық күйзелістер себеп екенін көрсетеді.  

 Расында да кәмелетке толмағандардың өз-өздеріне қол жұмсауы көбінесе олардың ішкі психоэмоционалдық жағдайына байланысты, бірақ талдау барысында жауапты мемлекеттік органдардың профилактикалық жұмысындағы олқылықтар, басқа да өзекті проблемалар анықталды, – деді Алмат Байшолақов.

Атап айтсақ, облыс мектептерінде штаттық психологтар жетіспейді. Сондай-ақ, олардың жұмыстары аса тиімді деп те айта алмаймыз, көбінесе диагностика жүргізудің ескірген әдістемелерін қолданады.

Балалар мен жасөспірімдер арасында суицидті ашықтан-ашық насихаттайтын интернет сайттарын анықтап, оларды бұғаттау ісімен полиция жеткіліксіз айналысып келеді. Ал, негізгі қауіптің бір көзі сол ғаламторда дейді мамандар.

Отырыс қорытындысы бойынша прокуратура білім министрлігіне мектеп психологтарының санын көбейту жөнінде хат жолдауды, олардың біліктілігін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ, мектеп директорларына қарамағындағы психологтар жұмысын қатаң бақылау, полиция департаментіне суицидке үгіттейтін интернет ресурстарды бұғаттау міндеттері қойылды. 

Өзгелердің жаңалығы