ШҚО әкімі тәртіпсіздікті жоюға қатысқан жауынгерлердің сауығып кетуін тіледі

11 Қаңтар 2022, 13:15
1191
Бөлісу:
ШҚО әкімі тәртіпсіздікті жоюға қатысқан жауынгерлердің сауығып кетуін тіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәртіпсіздік кезінде полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер қызметтік міндеттерін орындай отырып, жарақат алды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қақтығыс нәтижесінде бірнеше әскери қызметкер жарақат алып, полиция қызметкерлерінің біршамасы зардап шекті. Өскемен әскери бөлімінің екінші атқыштар ротасы бақылаушылар взводының кіші сержанты тыныс алу жолдарының химиялық күйігін алса, ал полиция қызметкерлерінің бірі граната сынықтарымен жараланды. Қазір зардап шеккендер емделуде.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов жарақат алған әскери қызметшілерге арнайы барды. Өңір басшысы қызметкерлердің бейбітшілік пен келісімді бұзуға тырысқандарға қарсы төтеп беріп, Отан алдындағы борыштарын өтеген әрқайсысына алғысын айтты.

Полиция қызметкерінің айтуынша, барлығы өз отанын және егемен Қазақстан азаматтарын қорғау міндетін атқарған.

Митингіге шыққандар облыс әкімдігінің жанындағы қоршау арқылы өтіп кеткен соң, мен оларды тоқтата бастадым. Олар граната лақтырды. Бейбіт азаматтарды қорғап, кеудемді оққа тостым, - деді полиция қызметкері.

Өңір басшысы жауынгерлердің тезірек сауығып кетуін тілеп, мінсіз қызметі үшін алғысын білдірді.
 

Өзгелердің жаңалығы