Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің бірінде сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы кесілді.
Азық-түлік сәлемдемесін тексеру кезінде мекеме қызметкерлері бөлке нанның ішіне жасырылған екі телефонды анықтады. Тыйым салынған заттар тәркіленіп, аталған дерек бойынша тиісті материалдар рәсімделді.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды беру немесе оларды жеткізуге әрекет жасау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
ҚАЖ департаментінің мәліметінше, мұндай заңсыз әрекеттер ара-тұра тіркеліп тұрады. Алайда қызметкерлердің қырағылығы мен сәлемдемелерді мұқият тексерудің нәтижесінде тыйым салынған заттардың режимдік мекеме аумағына өтуіне жол берілмейді.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканованың айтуынша, телефондар мен басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз жеткізу мекемедегі қауіпсіздікке және сотталғандардың жазаны өтеу тәртібіне елеулі қатер төндіреді.
Азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізуге немесе жеткізуге әрекет жасау үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз, – деді ведомствоның ресми өкілі.