Шоранов шығыста жүр

17 Қыркүйек 2020, 22:20
1104
Бөлісу:
Шоранов шығыста жүр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов іссапармен Шығыс Қазақстан облысына барды. Вице-министрдің төрт күндік сапары аясында бірқатар медициналық нысанды аралау, облыстағы медициналық қауымдастықпен кездесулер өткізу жоспарланған.

М.Шоранов алдымен облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесіп, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ету мәселесін талқылады. Қазіргі уақытта облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 8 463 науқас тіркелді, 8227 адам сауығып, 164 пациент қайтыс болды.

Бұдан кейін бірінші вице-министр Өскемен қаласындағы диагностикалық орталықтың медицина қызметкерлерімен кездесті.

Марат Шоранов Өскемендегі «№2 қалалық емхана» ШЖҚ КМК жұмысымен танысты, бұл кең спектрлі медициналық қызмет көрсететін, бір ауысымда 650 адам қабылдай алатын заманауи көпбейінді емхана.Емхана тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде алғашқы медициналық-санитарлық және мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.

Өскеменде Медициналық жедел жәрдем ауруханасындағы күрделі жөндеу аяқталып келеді, нысан пандемияға байланысты инфекциялық стационарға қайта бейімделді. Қазіргі уақытта ауруханада құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуда, 95% электр жүйесімен жабдықталған, желдету үшін ауа жолдары 75% орнатылды.

Жаңа инфекциялық стационар кең ауқымды зерттеу жасай алатын ПТР-зертханамен, мобильді рентген аппараттарымен және компьютерлік томографиямен жабдықталады. Жағдайы ауыр науқастар үшін 15 төсек-орындық реанимация бөлімшесі дайындалады, онда өкпені жасанды желдету аппараты, монитор және азаматтарды емдеуге қажетті басқа да жабдықтар болады. Эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін инфекциялық бөлімше тыныс алу органдары ауруларын диагностикалау, алдын алу және емдеуге арналған Шығыс Қазақстан облыстық пульмонология орталығына айналады.

Сондай-ақ, Бірінші вице-министр Б. Шаяхметов атындағы «Ем Алу Плюс» ЖШС медициналық орталығына да барды. Клиника 2014 жылдың наурыз айында ашылды және консультациялық, диагностикалық, емдеу-қалпына келтіру процедураларының барлық негізгі түрін көрсетеді.

Сондай-ақ, мұнда Согра, Гавань, Радужный, Овечий Ключ кенттерінің, Арматура зауыты шағын ауданының және Глубокое ауданына жақын маңдағы ауылдадың тұрғындарын скринингтік зерттеулерден өткізетін және ересектер мен балаларды қабылдайтын, гинекологиялық көмек көрсететін МСАК учаскелік қызметі бар.

Шоранов ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының «Өскемен қалалық №4 ауруханасы» ШЖҚ КМК аралады. Мұнда 28 дәрігер мен 78 орта медицина қызметкері тәулік бойы білікті стационарлық медициналық көмек және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетеді. Ауруханада хирургия, акушер және гинекология, травматология-ортопедия және пульмонология бөлімдері бар.

Бірінші вице-министр шығыстағы алғашқы жұмыс күнінің соңында «Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы» ШЖҚ КМК және 200 төсек-орындық балалар ауруханасын аралады. Балалар ауруханасы Шығыс Қазақстан облысында құрылысы ұзаққа созылған нысанның бірі, ғимараты бес жыл салынып, 2019 жылдың соңында аяқталды. Алайда, медициналық ұйым заманауи жабдықтармен жабдықталған және балалар нейро, кардиохирургиясы, оңалту қызметі саласында көмек көрсететін заманауи клиникасы бар.

Өзгелердің жаңалығы