Зейнетақы ақшасын қалай көбейтуге болады? Қазақстандықтар нені білуі керек?

Қазақстандықтар зейнетақы ақшасын қалай инвестициялайтынын өздері таңдай алады

25 Қараша 2026, 19:07
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ 25 Қараша 2026, 19:07
25 Қараша 2026, 19:07
55
Фото: ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ

2026 жылғы 16 қарашадан бастап Қазақстанда зейнетақы активтерін басқарудың жаңа қағидалары күшіне енді. Енді азаматтар зейнетақы жинағын қай басқарушы компанияға сеніп тапсыратынын ғана емес, ақшасының қандай инвестициялық портфельде сақталып, басқарылатынын да таңдай алады.

БЖЗҚ ақпаратынша, жаңа тәртіп бойынша инвестициялық портфельдің үш түрі қарастырылған: консервативті, қалыпты және тәуекелді. Олардың айырмашылығы – қаражаттың қандай активтерге салынатынында және тәуекел деңгейінде.

Үш портфельдің айырмашылығы қандай?

  • Консервативті портфель – зейнет жасына жақындағандарға да, басқа салымшыларға да қолжетімді. Негізінен облигацияларға инвестицияланады. Нәтижесі 12 айлық кезең бойынша бағаланады.
  • Қалыпты портфель – зейнетке шығуына үш жылдан астам уақыт қалған азаматтарға арналған. Акциялар мен облигациялардан тұрады. Нәтижесі 36 айда бағаланады.
  • Тәуекелді портфель – зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған азаматтар таңдай алады. Негізінен акцияларға инвестицияланады. Кірістілігі жоғары болуы мүмкін, бірақ акциялардың құны құбылып тұрады. Нәтижесі 60 айлық кезең бойынша бағаланады.

Портфель түріне қарай ең төменгі кірістілік деңгейі де белгіленген. Консервативті портфель үшін ол тиісті индекстің кірістілігінің кемінде 90%-ын, қалыпты портфель үшін 85%-ын, тәуекелді портфель үшін 80%-ын құрауы керек.

Зейнетақы жинақтары қалай қорғалады?

Егер басқарушы компания белгіленген кезеңнің қорытындысы бойынша ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ете алмаса, айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті. Бұл талап әр портфель бойынша жеке есептеледі.

Сонымен қатар зейнетақы активтері тәуелсіз банк-кастодианда сақталады. Ол қаражатты орналастыру кезінде заң талаптарының орындалуын бақылайды.

Таңдалған портфельді өзгертуге бола ма?

Иә. Салымшы зейнетақы жинағын басқарушы компанияға берген күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң сол компанияның ішіндегі портфель түрін өзгерте алады.

Ол үшін БЖЗҚ-ның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен өтініш беру қажет. Қор өтінішті алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қаражатты жаңа портфельге аударады.

Егер азаматтың жасы таңдалған портфель талаптарына сәйкес келмесе, өтініші қабылданбауы мүмкін. Ал белгіленген жас шегіне жеткен жағдайда қаражатты басқа портфельге автоматты түрде ауыстыру тәртібі қарастырылған.

Қай портфельді таңдаған дұрыс?

Мұнда зейнетке шығуға қанша уақыт қалғанын, күтілетін кірісті және инвестициялық тәуекелге дайындық деңгейін ескеру маңызды. Тек соңғы бір жылдағы кірістілікке қарап шешім қабылдауға болмайды, өйткені инвестиция нәтижесі қаржы нарығындағы жағдайға байланысты өзгеріп отырады.

Басқарушы компаниялардың кірістілігін, активтерінің құрылымын және инвестициялық стратегиясын БЖЗҚ-ның invest.enpf.kz платформасынан салыстыруға болады.

Өтінішті қазір беруге бола ма?

Әзірге инвестициялық портфельдің жаңа түрлерін іске қосуға қажетті ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан салымшылар өтінішті басқарушы компаниялар мен БЖЗҚ барлық дайындық шараларын аяқтағаннан кейін ғана бере алады.

Наверх