Шолу: Тоқаев әлеуметтік салада қандай реформалар жасады?

21 Ақпан 2023, 11:45
2053
Бөлісу:
Шолу: Тоқаев әлеуметтік салада қандай реформалар жасады?
Фото: kt.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері әлеуметтік саясат саласында қандай өзгерістер болды? Сарапшы Лилия Маньшина Президенттің осы уақытқа дейінгі реформаларына талдау жасады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

2020 жылғы пандемия

Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айында COVID-19 жұқтырған алғашқы науқас анықталғаннан кейін ел басшылығы бұл қатерге шұғыл назар аударып, төтенше жағдай енгізуге мәжбүр болды. Қазақстан Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия халықтың материалдық-қаржылық шығынын өтеу үшін өмір сүру деңгейін реттеудің өте қатаң шараларын жүзеге асырды: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны қарқынды тежеу; азық-түлік дүкендерін барлық қажетті заттармен үздіксіз қамтамасыз ету, т.б. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен шектеулер салдарынан жұмыс істемей қалған қазақстандықтарға 42500 теңгеден жалпы сомасы 476 миллиард теңге төлем жасалды.

Төтенше жағдай және карантиндік шектеу кезеңінде барлығы 4,6 млн адамға осындай төлемдер аударылды. Халықты және экономикалық субъектілерді короновирус дағдарысынан қорғауға арналған қазақстандық бұл бағыт көрші мемлекеттердегі іс-шаралардан айтарлықтай ерекшеленді. Азаматтарға тікелей төлемдер түріндегі көмек беру әлемнің басқа экономикасы мықты елдерінде де қолданылмады.

Бұдан басқа, ТЖ және карантин кезеңінде Қазақстанның 1,1 млн-нан астам тұрғыны  жиыны 25 млрд теңгеден астам сомада азық-түлік және тұрмыстық заттарды сатып алуға қосымша төлемдер алды. Банктер мен микрокредиттік ұйымдар кешіктірілген төлемдер бойынша айыппұл мен өсімпұл жазған жоқ, ал тұтынушылық несиелерді 90 күн кешіктірген жағдайда пайыздық үстеме өзгеріссіз қалды.

Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауымен халықты жұмыспен қамту бойынша елеулі жұмыстар атқарды. Дағдарысқа қарсы шара ретінде жұмыспен қамтудың жол картасы, нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылды, соның арқасында 1,2 млн жұмыс орнын сақтап, жаңадан ашуға және жұмыссыздықты өсірмеуге мүмкіндік туды.

2020 жылы зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қайта есептелді. Базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсуі 2019 жылмен салыстырғанда 10%–ды, ынтымақты зейнетақының өсуі 12%-ке жетті. 

Бүгінде Қазақстанның пандемияның ырықсыз құрбанына айналмағаны анық. Дәлелденген басқару тәсілдерінің арқасында короновирус дағдарысы ұлттық экономика үшін елеулі сын-тегеурін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік салада - жаңа мүмкіндік болды. Ол көптеген өндірістердің жұмысын тоқтатып, үй шаруашылығы да тұралап қалған жалпы экономикалық шектеулер кезеңінде әлеуметтік қолдаудың сапалы жаңа әдістерін сынақтан өткізуге жағдай тудырды.

2020 жылы халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне мынандай жаңалықтар енгізілді: 

 - 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау үлгісі реформаланды - оларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төлене бастады, оның мөлшері бала санына байланысты, бірақ отбасының табысына байланысты емес.

 - Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғаш рет кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді. 

 - 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен бөлінетін ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2019 жылға қарағанда орта есеппен 50% - ға өсті.

 - 2020 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда: мәдениет және өнер саласында 35%-дан 50%-ға дейін, әлеуметтік қызметкерлерде 15%- дан 60%-ға дейін өсті, педагогтарда 4 жыл ішінде жыл сайын 25%-ға өсіп отырады.

 - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы аясында 124,2 мың адам 7,6 млрд теңге сомасында біржолғы төлем алды, бұл 2019 жылғы төлем сомасынан үш есе артық. ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін материалдық көмектің мерейтойлық мөлшері орта есеппен 1 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың көлемінен орта есеппен 4 есеге артық. Сонымен қатар, "Ардагерлер туралы" жаңа заң қабылданды.

 - Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі жетілдірілді. Басты жаңалық - әлеуметтік қызметтер порталының іске қосылуы, оның ерекшелігі -мүгедектердің оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді рейтингіне, басқа пайдаланушылардың пікіріне, құны мен сапасына қарай отырып, өз бетінше таңдай алуы.

2021 жыл - әлеуметтік қызметтерді цифрландыру және әлеуметтік саланы пандемиядан кейін қалпына келтіру кезеңі

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында халықты COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялау жүргізіліп, Ashyq жүйесі күшіне еніп, іскерлік белсенділік қалпына келе бастағандықтан, әлеуметтік сала бұдан былай мемлекеттен жоспарсыз қаржы құюды талап етпеді. 

2021 жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды:

  - 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7% - ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5% - ға ұлғайтылды.

 - Әлеуметтік саланың 670 мың қызметкері үшін жалақыны кезең–кезеңімен арттыру одан әрі жалғасты: жалақы білім беру саласында – 25%–ға, денсаулық сақтауда - 20-30%-ға, әлеуметтік қамсыздандыру саласында - 50%-ға көтерілді.

 - Халыққа арналған мемлекеттік бағдарламалар 1,3 млн адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді, бұл жұмыссыздық деңгейін 2020 жылғы үшінші тоқсандағы 5% - дан 2021 жылғы үшінші тоқсанда 4,9%-ға, ал жастардың жұмыссыздығын 4-тен 3,7%-ға дейін қысқартты.

Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жаңалықтарға келетін болсақ: 

 2021 жылғы 12 қазанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды. Оған сәйкес I топтағы мүгедектерді күту және алып жүру бойынша бірыңғай жәрдемақы енгізілді; алынатын жәрдемақыларын ұлғайта отырып, 7 жастан бастап балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу; мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу бойынша бір реттік жәрдемақы тағайындау; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрғын үй кезегін сақтау және басқалар.  Нәтижесінде I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасау бойынша жәрдемақыны 15,1 мың адам алды, 52,7 мың бала мүгедектік топтары бойынша бөлінді, 2,8 мың адам мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша бір реттік жәрдемақы алды.

 - Ерекше қажеттіліктері бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін жетілдіруге мүмкіндік беретін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізілді. Азаматтарды әлеуметтік және кәсіби бейімдеу мақсатында республиканың барлық өңірлерінде 19 "TenQogam" орталығы жұмыс істей бастады. Әлеуметтік оңалту қызметтерін кеңейту үшін балаларға арналған алты шағын жинақталған оңалту орталығы ашылды.

 - Қазақстанның барлық өңірлерінде мүгедектікті сырттай белгілеу бойынша пилоттық жоба іске асырыла бастады.

 - Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдері айтарлықтай дәрежеде цифрлық форматқа ауыстырылды: қызметтердің 92% цифрландырылды, 45 қызметтің 41-і электронды түрде көрсетіле бастады, оның 21-і белсенді.

 - Электрондық еңбек биржасының ресурсында жұмыспен қамту орталықтарының қызметтері қолжетімді болды, кәсіптік бағыттардың кең ауқымы бойынша онлайн курстар сервисі іске қосылды, "Шекарасыз жұмыс" жобасы шеңберінде ЕАЭО елдерінде жұмыс пен кадрларды іздеу қолжетімді болды.

2022 жыл – Қаңтар оқиғасының салдары және әлеуметтік кодексті әзірлеу

Қазақстан азаматтары да, бизнес те зардап шеккен қаңтар айындағы қайғылы оқиғаға қарамастан, мемлекет қоғамның әрбір сегменті алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін нақты және уақтылы орындады:

Қазақстандықтарға 4,4 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдер уақтылы төленді.

1,3 миллионнан астам отбасы мемлекет кепілдік берген төлемдер түрінде қолдау алды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көп балалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінді.

Көліктері өртеніп кеткен, зардап шеккен кәсіпкерлер мен қарапайым қала тұрғындары өтемақы алды.

2022 жылы балалары бар отбасыларды қолдауға республикалық бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қорынан барлығы 926,6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл туу және бала күтімі бойынша төлемдер, көп балалы аналарға, көп балалы отбасыларға және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін жәрдемақылар. Бір отбасына төленетін төлем сомасы 20 мыңнан 805 мың теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар:

 1. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 700 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттен 70 млрд теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек алды.

 2. 371,4 млрд теңге 530 мың азаматқа мүгедектік бойынша жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер түрінде төленді.

 3. Ынтымақты зейнетақы мөлшері екі рет индекстелді. Зейнетақының орташа мөлшері шамамен 109 мың теңгені құрайды. Жалпы мемлекеттік бюджеттен 2,2 млн зейнеткерге зейнетақы төлеуге 2,9 трлн теңге бағытталды.

 4. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салалары қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасты. 1,2 млн-ға жуық азаматтық қызметшілердің жалақысы орта есеппен 20-дан 30%-ға дейін өсті және алдағы 4 жыл ішінде 2 есеге ұлғаяды.

 5. Жастарды жұмыспен қамту шаралары күшейтілді. Олардың "Жастар практикасы" және "Алғашқы жұмыс орны" жобаларына қатысу мерзімі ұзарды. Халықтың әлеуметтік осал санатындағы жастар мен азаматтардың іскерлік бастамаларын дамыту үшін гранттардың мөлшері екі есе ұлғайтылды.

Жалпы, 2022 жылы 921 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, олардың 77%-дан астамы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру және жұмысқа орналастыру бойынша ағымдағы    жұмыстардан басқа, 2022 жылы Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша мына іс-шараларды жүзеге асырды:

2022 жылдың қараша айында мүгедектердің өмір сүру сапасын арттырудың Ұлттық жоспарына өзгерістер енгізілді, ал заңнамалық бекітуді талап ететін өзгерістердің бір бөлігі әлеуметтік Кодекс жобасына енгізілді. 

Парламент Мәжілісінде Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасын ратификациялау бойынша жұмыс басталды.

Электрондық еңбек биржасында бірқатар ірі компаниялармен бірлесіп жұмысқа қабылдаудың пилоттық жобасы іске асырылды, ол жақсы нәтиже берді: өткен жылдың 3 айында ЭЕБ арқылы 11 мыңнан астам адам басқа өңірлерге өз бетінше жұмысқа орналасты.

Бейінді министрлік азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету тетіктерін бекітетін әлеуметтік кодекстің жобасын дайындады және оны Парламентке ұсынды. 

2023 жыл - әлеуметтік реформалардың жаңа стратегиясы 

Биыл реформалардың сандық өлшемінен (төлемдердің мөлшері мен мөлшерлемелерін арттыру) сапалық өлшеміне көшуді іске асырудан басталды. Үкіметтік деңгейде әлеуметтік-еңбек саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған стратегиялық өзгерістердің бес жылдық және "бес реформалы" жоспары қабылданды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2022 жылғы қызмет нәтижелері және 2023 жылға арналған міндеттер бойынша ведомствоның кеңейтілген отырысында бұл  заңдар жинағының мәні неде екенін түсіндірді.

Цифрландыру арқылы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің өтініш формасынан анықтау формасына ауысуы

Бірінші стратегиялық бағыт - цифрландыруды тереңдету, ол әлеуметтік қызметтер көрсетудің өтініш формасынан оларды анықтау және ұсынудың белсенді форматына көшуді қамтамасыз етуі тиіс. Ол үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтерді жинақтайтын және қазақстандық отбасылардың мемлекеттік кепілдіктер бойынша дербестендірілген дерекқорына айналатын отбасының цифрлық картасы жасалды.

Отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтерін уақтылы пайдалану, азаматтарды мемлекеттік қолдау туралы хабардар ету, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмекті белсенді түрде тағайындау, мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы көрсету көзделеді.

Атаулы көмекті алдын-ала анықтау және тәуекелдердің алдын алу

Екінші стратегиялық бағыт - атаулы әлеуметтік көмекті күшейту, ол алдын алу сипатындағы атаулы шараларды және туындаған әлеуметтік тәуекелдердің салдарын жоюға арналған атаулы көмекті қамтиды. Дәл осы жерде әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдардың контингенті анықталатын отбасының цифрлық картасы үлкен рөл атқарады.

Осы бағыт шеңберінде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұлғайтылды, 2024 жылдан бастап балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын аудару көзделді. Сондай-ақ, "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін саралау жоспарлануда.

Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін кедейлік шегі медианалық табысқа сүйене отырып айқындалатын болады.

Мүгедек адамы бар отбасылар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады. Осы мақсатта әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін түрлендіру жоспарлануда: 

 - барлық 116 медициналық-әлеуметтік мекеменің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарының сақталуын тексеру;

 - шағын сыйымдылығы бар үйлерді, әсіресе ауылдағы үйлерді қолдау және дамыту;

 - дәрі-дәрмек немесе тауарлардың жекелеген түрлерін кезең-кезеңімен ақшаға айналдыру;

 - мүгедек адамдарды қоғаммен жедел ықпалдастыру үшін 12 оңалту орталығын салу;

 - әлеуметтік қызметтер порталының жаңа форматы, онда тауарлар мен қызметтердің параметрлері туралы толық ақпарат ұсынылады, жеткізушілерге және  тауар сапасына қатаң талаптар қойылады.

Цифрлық карта және ақылды жұмыс

Үшінші стратегиялық бағыт - азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оны іске асырудың түпкілікті нәтижесі жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, бір жыл ішінде шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру болмақ. Мұнда тағы да отбасының цифрлық картасы көмекке келеді, оған сәйкес жұмысқа орналасу үшін мемлекеттің көмегіне мұқтаж адамдардың тізімі жасалады.

Жалпы, республика бойынша биыл салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар шеңберінде 75 мыңға жуық жұмыс орнын, қаржыландыру көлемі 131 млрд теңгені құрайтын мемлекет субсидиялайтын 150 мыңнан астам жұмыс орнын құру, 780 мың адамды жеке бастамалар шеңберінде және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Жұмыс орындарының жалпы санының шамамен 20%-ы жастар мен мүгедектер үшін ашылатын болады. 

Бұдан бөлек, 6 мың жас қазақстандыққа 5 жылға 2,5%-дық 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер беріледі. Ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға 1,2 млн теңге көлемінде 9 мың грант беру жоспарланып отыр.

Зейнеткерлік жасқа жетпеген адамдар үшін "Күміс жас" жобасын іске асыру жалғастырылатын болады. Жыл сайынғы қамту кемінде 15 мың адамды құрайды.

Бұдан бөлек, осы бағыт шеңберінде халықты жұмыспен қамту орталықтары өзгертіледі және олардың жаңа құрылымы қалыптасады: өңірлер деңгейінде бэк-офис қызметін еңбек ұтқырлығы орталықтары атқарады, аудан мен қала деңгейінде мансаптық орталықтарға айналған фронт-офистер болады. Сондай-ақ, орталықтар көрсететін қызметтері үшін тарифтер белгілейді, қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жұмысқа орналастырылған азаматтардың санына тікелей байланысты болады. 

Бұл өзгерістерді пилоттық сынақтан өткізу 2023 жылы еліміздің үш өңірінде басталады: Астана қаласында, Қарағанды және Түркістан облыстарында.

Дәстүрлі форматты алмастыратын икемді жұмыспен қамту 

Төртінші стратегиялық бағыт – еңбек қатынастарында дәстүрлі жұмыс форматынан жұмыстың икемді форматына көшу және оны заңмен бекіту. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әріптестерімен бірлесіп мамандарды жұмыс орнында оқыту мәселесін қайта қарауы тиіс. "Кәсіптік біліктілік туралы" заң жобасында жұмыс күшінің дағдыларын арттыру жауапкершілігін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлу көзделген.

Сондай-ақ, еңбек саласындағы ең төменгі стандарттар қайта қарастырылады, оларды сынақтан өткізу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша зиянды өндірістердің класы мен сақтандыру тарифтері қайта қаралады.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, азаматтардың зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуінің шекті кезеңін белгілеу және сақтандыру компанияларының жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуға қатысуы жөнінде ұсыныстар әзірленеді. 

Кәсіпкерлікті реттеудің жаңа саясаты шеңберінде еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау жүйесі де қайта қаралуы тиіс. Тексеру рәсімі профилактикалық сипатта болады деп болжануда, ол үшін 2023 жылы "Кәсіпорын профилі" атты жаңа ақпараттық жүйе іске қосылады, ол заңнаманың сақталуын компаниялардың өздері бақылауына мүмкіндік береді.

Ынталандырушы сақтандыру жүйесі 

Бесінші стратегиялық бағыт - нәтижелі және нысандандырылған жұмысты ынталандыру бойынша сақтандыру жүйесін дамыту, онда мынадай факторлар ескеріледі: мемлекет, жұмыс беруші мен қызметкерлер жүйесіне қатысу; жұмыс өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту. Бұл тәуекелдер туындаған кезде кірісті өтеу азаматтардың жинақталған зейнетақы және сақтандыру активтері есебінен жүргізілетінін білдіреді.

Қазіргі уақытта зейнетақы жүйесінде де, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де мемлекеттік төлемдердің үлесі басым. Өкінішке орай, халықтың көп бөлігі әлі күнге дейін керенау және мемлекеттің қамқорлығына үйреніп алған, өздерінің әлеуметтік қамсыздандырылуына тек мемлекет жауапты деп санайды. Алайда, бұл көзқарас сақтандырудың жаңа тәсілдеріне байланысты өзгеруі керек.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Мемлекеттік аннуитеттік компания және сақтандыру компаниялары өзара бірлесіп, ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын іске асыратын болады. Әрбір институт үшін жүйеге тіркелушілердің саны өсуіне байланысты тиімділіктің негізгі көрсеткіштері айқындалады.

Сондай-ақ, жүйеге қатысу өтіліне байланысты зейнетақы және сақтандыру төлемдерінің мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту жалғасады.

2024 жылдан бастап жас салымшыларды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін қалыптастыру үшін жұмыс берушілерге міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жүктеледі.

Бұдан бөлек, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында салымшыларға өздерінің зейнетақы жинақтарының 50% -ын жеке басқаруға тапсыру құқығы беріледі.

Бұл шолудан байқағандарыңыздай, бүгінде еліміз әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика қағидаттарының икемді үйлесімі, экономиканы қолмен басқару тетіктерінің тепе-теңдігін сақтау және кәсіпкерлік пен экономикалық субъектілердің әлеуметтік жауапкершілігін көтермелеу негізінде халықтың мүдделерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау жүйесін жалпыға бірдей етіп қайта іске қосу қарсаңында тұр. Біз әлеуметтік, жүйелі мемлекетке айналамыз, сонымен қатар керенаулыққа жол берілмейді және адами капиталдың қарқынды дамуы ынталандырылады.

Өзгелердің жаңалығы