ШҚО-да өзен-көлдерді қоқыстан тазарту акциясы басталды

27 Сәуір 2021, 12:23
1930
Бөлісу:
ШҚО-да өзен-көлдерді қоқыстан тазарту акциясы басталды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс өңірінің өзен-көлдерін түрлі қоқыстан тазартуға бағытталған «Таза су айдындары» акциясы Күршім ауданынан бастау алды.

Жалпы, аталмыш акция еліміздің Балық шаруашылығы комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында қатар қолға алынған болатын. Сәуір айының үшінші онкүндігінде басталған акция барысында қос облыстың балық шаруашылығы саласындағы мамандары өзен-көлдердің жағалауларын түрлі қоқыстан тазартып, су түбін иесіз қалған аулардан арылтты. Сондай-ақ, балық қорын қорғауға және көбейтуғе бағытталған шараларды қатар жүргізді. 

Бүгінде аталмыш акция Зайсан көлінің жағалауын және Павлодар облысының Кенжекөл ауылының маңындағы Ертіс өзенінің бөлігін, сонымен қатар Екібастұздағы ГРЭС-2 жағалауын тазартудан басталды. Атап айтсақ, Зайсанның жағасында орналасқан Ақсуат, Аманат және Жолнұсқау ауылдарын қамтыды. «Төре тоғам» шаруашылығының №5, 6-шы және «Дигам» шаруашылығының №7-ші телімдерін қамтыған акция барысында 80 шақырымнан астам аумақ қоқыстан тазартылды, - дейді «Зайсан-Ертіс облысарылық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Фархат Байбазаров. 

Оның айтуынша, акцияға Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары, балық шаруашылықтары, жергілікті атқарушы органдар, ауыл тұрғындары мен орта білім ордаларының оқушылары бір адамдай атсалысқан. 

Акция барысында жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайтын 265 дана полиамидті моноталшықтан тоқылған аулар жиналып, 6,5 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар тазаланған. 145 адам, 51 техника жұмылдырған акция алдағы уақытта Көкпекті және Алтай аудандарының аумағындағы өзен-көлдердің бойында жалғаспақ. Әзірге, аталмыш аудандарда жүргізілуі жоспарланған акция көк айдын жағалауларының батпақ болуына әрі мұз қабатының әлі де түсе қоймауына байланысты кейінге шегерілген.


Өзгелердің жаңалығы