ШҚО-да браконьерлер 6 мың келіден астам балық аулаған

19 Сәуір 2021, 19:33
1502
Бөлісу:
ШҚО-да браконьерлер 6 мың келіден астам балық аулаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО-да браконьерлер жыл басынан бері алты мың келіден астам балық аулаған, деп хабарлайды Polisia.kz.​

Уылдырық шашу кезеңінде Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы тыйым салынған балық кәсіпшілігі су айдындарында (учаскелерінде) және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда балықты заңсыз аулауға жол бермеу мақсатында биыл 16 сәуірден бастап «Нерест-2021» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды.​

Іс-шараның негізгі мақсаты – балықты заңсыз аулау, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ, бұрын жасалған экологиялық қылмыстарды ашу, сондай-ақ, балық қорғау органдарына балық қорларын сақтауда көмек көрсету.​ Биылғы үш айда табиғат қорғау полициясының бөліністері балық ресурстарын сақтау мақсатында 320 рейдтік іс-шара өткізді, нәтижесінде 239 экологиялық құқық бұзушылық анықталды, - делінген хабарламада.

Нәтижесінде браконьерлерге қатысты 10 факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, 229 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.​ Жыл басынан бері заңсыз ауланған алты мың келі балық тәркіленіп, мемлекетке үш миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Төрт күн ішінде облыста балық ресурстарын заңсыз аулаудың 66 құқық бұзушылығы анықталды, 64 адамға қатысты жалпы сомасы 1 млн. 044 551 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

Айта кетейік, 18 сәуірде «Омбы-Майқапшағай» тас жолының 914 шақырымында патрульдік полиция ротасының инспекторлары Тлеужан Лепесов пен Думан Советхановтың құрамында патрульдеу кезінде «Chevrolet» маркалы автокөлігі тоқтатылды.

Автокөлікті тексеру кезінде тиісті рұқсат құжаттары жоқ алты қап балық (шортан) табылды. Жалпы шығын 198 мың теңгені құрады. Семей қаласының 54 жастағы тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 339-бабы және 389-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. «Нерест-2021» жедел алдын алу шарасы Шығыс Қазақстан облысының аумағында биыл 30 мамырға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы