ШҚО-да биыл алты мыңнан астам онкологиялық науқас тегін ем алды

22 Шілде 2021, 10:26
2611
Бөлісу:
ШҚО-да биыл алты мыңнан астам онкологиялық науқас тегін ем алды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде бірінші жартыжылдықта алты мыңнан астам онкологиялық науқас медициналық көмек алды.

Елімізде онкологиялық аурулар әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына енгізілгені белгілі. Сол себепті онкологиялық ауруларды диагностикалау және осы санаттағы науқастар тегін медициналық көмектік кепілдендірілген көлемі шеңберінде тегін емделеді. Аталмыш қызметті қаржыландыру еліміздің барлық халқы үшін медициналық қызметтер пакетін сатып алатын Медициналық сақтандыру қоры арқылы жүргізіледі.

Биылғы жылдың бірінші жартысында облыстағы медициналық ұйымдар қатерлі ісікке шалдыққан 6624 науқасты емдесе, оның 17 пайызы, яғни 1140-ы жедел түрде жасалған медициналық араласулар болды. Емдеу жүргізілген қатерлі ісік ауруларының 99 пайызы онкологиялық диспансерлер еншісінде болса, ал, қалған бір пайызын жедел көрсеткіштермен емделген немесе ота жасау барысында табылған көпсалалы сационарлардың пациенттері құрайды.

Сонымен қатар, аталған кезеңде қатерлі емес ісік аурулары бар 3832 науқас ем алды.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Шығыс Қазақстанда жыл сайын сәулелік терапия жүргізетін құрылғылар жаңарып, жоғары технологиялар енгізілуде. Мысалы, жақында Ядролық медицина және онкология орталығының радионуклидті терапия бөлімшесі өзінің алғашқы пациенттерін қабылдай бастаса, облыс орталығында сәулелік терапияны қажет ететін онкологиялық науқастарға арналған заманауи жүйелік жеделдеткішті инсталляциялау жұмыстары аяқталуға жақын.

Бұл жаңа құрылғы пациенттерге әсері көп әрі сәулелену аумағындағы сау тіндерді барынша қорғай отырып, жоғары стандартты терпаия алуға мүмкіндік береді. Жүйелік жеделдеткішті іске қосқан соң аталмыш техниканың жетістіктерін ескере отырып, түрлі онкологиялық патологиясы бар пациенттердің басым көпшілігі, яғни жылына 900-ден астам адам жоғары технологиялы терпаиядан өте алатын болады. Сондай-ақ, мұндай ем алу тек қана шығысқазақстандықтарға ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа өңірлеріне, оған қоса алыс және жақын шетелдерге де қолжетімді болмақ.

Бұдан бөлек, биылғы жылдың маусым-шілде айларында Шығыс Қазақстанда 100-ден астам жұмыс істемейтін жүкті әйелдерге уақытша сақтандырылған емделуші мәртебесін беру жұмыстары жүзеге асырылды. Аталмыш жұмысты әйелдердің жеңілдігі бар азаматтар санатынан шығып қалу қаупін болдырмау үшін облыстық медициналық сақтандыру қорының филиалы жүзеге асыруда.

Әлбетте, жүктілік әйел өмірінің ең маңызды, айтулы кезеңдерінің бірі. Болашақ ананы жанжақты қорғау медициналық сақтандыру қоры жұмысының басым бағыттарының бірі екендігі айтпаса да белгілі. Әйелдер уақытша медициналық сақтандыруға ие болу үшін «Qoldau 24/7» қосымшасы арқылы өтініш қалдырулары керек. Ол үшін қосымшаға жеке куәлігі мен жүкті әйел ретінде есепке тұрғанын растайтын анықтаманы жүктеуі қажет. Өтінім бір күн ішінде қаралып, «уақытша сақтандырылған» мәртебесі беріледі. Барлық талдаулар, қажетті скринингтерді жүкті әйел түгел дерлік тегін тапсырып, дер кезінде алуына мүмкіндік болатынын естен шығармауы қажет, - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Салтанат Адамова.

 

Өзгелердің жаңалығы