ШҚО-да балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қомақты қаржы бөлінді

28 Мамыр 2021, 11:22
7855
Бөлісу:
ШҚО-да балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қомақты қаржы бөлінді

Шығыc Қaзaқcтaн oблыcы, BAQ.KZ тілшісі.  Биыл өңірде балаларға түрлі шеберлік сағаттарына, конкурстар мен театрлық қойылымдарға қатысуға мүмкіндік беретін онлайн лагерлер жұмыс істейтін болады.

Дегенмен, бұл облыстың дәстүрлі жазғы демалыстан бас тартқандығын білдірмейді. Үстіміздегі жылы облыс аумағында 990 көшпелі, мектеп жанындағы және спорттық лагерлер ұйымдастырылып, оларда 183 мыңға жуық бала демалатын болады. Әлемді жайлаған коронавирустық пандемияға байланысты жазғы лагерлер 50 пайыздық толымдылықпен жұмыс істесе, оған баратын балалар ПТР тесттен өтуге міндеттеледі. Қазіргі күні көпбалалы және азқамтылған отбасылардың балаларына арналған жолдамалар сатып алынып қойылған.

Бұған қоса, бүлдіршіндерді өз бетінше жібермеу және жазғы демалыспен барынша кеңінен қамту мақсатында түрлі үйірмелер, демалыс күндеріне арналған экологиялық лагерлер ұйымдастырылатын болады. Шомылу аймақтарында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерінен қосымша кезекшілік қоятын боламыз, - деді облыс әкімдігінде осы бағытта баяндама жасаған өңір басшысы Даниал Ахметов.

Қоса кетсек, биылғы жылы облыс бойынша, балалардың жазғы демалысын ойдағыдай ұйымдастыру үшін өңір билігі бюджеттен 220 млн теңге мөлшерінде қаражат қарастырды.

Бұдан бөлек, биыл мұғалімдер оқу бағдарламасына ілесе алмай жатқан оқушылармен жекелей жұмыс істейді. Алайда, бұл олардың жаз бойы бас алмай оқу оқитындығын білдірмейді. Яғни, оқу бағдарламасы еркін ұйымдастырылады. Бүгінгі күні білімдерін осындай жолмен жетілдіруге облыс бойынша 68 мыңға жуық ата-анадан өтініш түсіп те қойған.


 


Өзгелердің жаңалығы