2026 жылғы шілдеде мұхит бетінің жаһандық температурасы осы ай үшін рекордтық көрсеткішке жетті. Ал Батыс Еуропада аптап ыстық пен құрғақ ауа райының салдарынан орман өрттері айтарлықтай жиіледі.
Еуропалық орта мерзімді ауа райын болжау орталығының (ECMWF) жанындағы «Коперник» климаттың өзгеруі жөніндегі қызметі (C3S) шілде айындағы температуралық ауытқулар туралы деректерді жариялады.
Деректерге сәйкес, 2026 жылғы шілде бақылау тарихындағы ең ыстық екінші шілде болды. Ал ең ыстық шілде 2023 жылы тіркелген.
Өткен айда әлем бойынша құрлық бетінің орташа температурасы 16,9 градус болды. Бұл 1991-2020 жылдар аралығындағы шілде айының орташа көрсеткішінен 0,67 градусқа, ал индустрияға дейінгі 1850-1900 жылдардағы орташа деңгейден 1,47 градусқа жоғары.
Экстремалды температура байқалған Еуропада шілде айындағы құрлық бетінің орташа температурасы 20,49 градусқа жетті. Бұл 1991-2020 жылдардағы орташа көрсеткіштен 0,66 градусқа жоғары.
2026 жылдың шілдесі тұтастай алғанда Еуропадағы ең ыстық шілделер тізімінде тек 11-ші орынды иеленгенімен, Батыс Еуропадағы ауа райы жағдайы мүлдем өзгеше болды.
2026 жылдың маусым және шілде айлары Батыс Еуропадағы бақылау тарихындағы ең ыстық айлар ретінде ресми түрде танылды. 2026 жылдың шілдесі Батыс Еуропа үшін үшінші ең ыстық шілде болды.
Батыс Еуропадағы аптап ыстық пен құрғақшылық құрлықта, әсіресе Испания мен Францияда ауқымды орман өрттерінің өршуіне себеп болды.
2026 жылғы шілде мұхит бетінің орташа температурасы 20,96 градусқа жетіп, бақылау тарихындағы ең ыстық шілде болды. Шілде айында мұхит бетінің жаһандық температурасы 2023 жылғы рекордтық көрсеткіштен асып түсті.
Алдағы айларда Эль-Ниньо құбылысының мұхиттың жаһандық температурасына әсері күшейеді деп күтілуде.