Астана, BAQ.KZ. «Шетелден келген қандастарымыздың бүгінгі жағдайы» тақырыбындағы қоғамдық талқы өтті. «Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылған шараға елге оралған қандастар, журналистер, кәсіпкерлер және қоғам белсенділері қатысты.
«Отандастар» қорының вице-президенті Мәди Манатбекұлының жетекшілігімен өткен жиын барысында Атажұртқа оралған қандастарымыздың мәселелері талқыланып, оларды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. Жиынды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Мұхит Ізбанов ашып берді.
МҰХИТ ИЗБАНОВ – ДҚҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ: «Отандастарымызға көші-қон заңын, олардың құқық-міндеттерін түсіндіру жұмыстарына баса назар аудару керек. Білместіктен сергелдеңге салынып жүрген қандастарымыз көп. Әрине, өткен жылғы құрылтайдан бері біршама өзгерістер орын алды. Оралман статусын алу үшін енді отандастарымыз бұрынғыдай мың сан құжат жинап әуре болмайды. Біршама жеңілдетілді, бес-ақ құжатпен шектелетін болды. Құрылтайда оралмандардың шетелдегі зейнетақы өтілдері есептелмеу мәселесі де көтерілген еді. Жақында оның да шешімі табылды, 27 желтоқсанда Елбасы жарлыққа қол қойып, енді есептелетін болды. Десе де әлі күнге назарымызды талап ететін мәселелер көп. Өз ойым, шетелден елге оралған қазақтардың өмірін жеңілдету үшін бөлек мекеме болуы керек деп есептеймін».
Тағы бір ұсынысты алға тартқан «Зерделі» зияткерлік орталығының негізін қалаушы Ырысбек Мәуіт мырза. Педагогтың айтуынша, елге оралған жеткіншектерге арналған интернат негізіндегі бейімделу орталықтарын көптеп құру қажет. Себебі балалар қазақ тілі мен қолданыстағы кирилл жазуын меңгеруі, жаңа ортаға үйлесуі, бейімделуі барысында қатты қиналады. Қазіргі уақытта Ырысбек мырза өзі ұйымдастырып отырған «Зерделі» зияткерлік орталығына «Шетелден қоныс аударған азаматтарды бейімдеу орталығы» статусын алуға ниетті екендігін де айтып өтті. Себебі, күні бүгінге дейін орталық шетелден келген 2000-нан астам оқушыны мектептер мен жоғары оқу орындарына бейімдеген.
ЫРЫСБЕК МӘУІТ – «ЗЕРДЕЛІ» ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: «Қазір біздің орталықта Қытайдан келген 200-ден астам бала оқиды. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен және математикадан қосымшаларға қатысады. Тағы бір мәселе бар. Ол қандастарымыздың балалары кәмелет жасқа дейін міндетті түрде ата-анасымен бірге келуі керек деген заңға қатысты. Әйтпесе, балалар визасының мерзімін ұзарта алмайды, сәйкесінше Қазақстанда ұзақ тұра алмайды. Бірақ, көп балалардың ата-анасымен бірге келуге мүмкіндігі жоқ. Шетелде тұратын ата-ана да мұнда баласын әкелуге ниетті болғанымен, оны қалдырып кететін жері жоқ. Осы ретте, шетелдік балаларға арналған интернат-мектептер ашу керек деп есептеймін. Мемлекет тарапынан осыған рұқсат беріліп, балаларға жауапкершілік алыну керек. Сонда бір жағы оқыту, бір жағы бейімдеу процесі орын алады. Бір отбасын көшіруге кететін ақшаға он баланы әкеліп оқытқан артық деуге негіз бар. Нәтижесінде, келген қандастарымыздың арасынан Қазақстан үшін құнды, мықты мамандар шығады».
Қоғам белсендісі Ернат Қашқыновтың айтуынша, Атажұртына келген жеткіншектердің елде білім алуына қызығушылық танытып отырған бірден-бір тарап – ол аймақтар. Себеп – ауылдағы қазақ жастарының азаю мәселесі екен.
ЕРНАТ ҚАШҚЫНОВ – ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: «Шетелдегі қазаққа Отан керек. Ал өз еліміздегі қазаққа қазақ керек. Осы екеуін ұштастыруға болады деп ойлаймын. Мен өзім Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тумасымын. Сол жақта үш селолық округтың әкімі жақында менімен хабарласты. Біз бардық. Нарманбет, Жәмші және Қаратал деген ауылдар екен. Осы ауылдарда балалар саны азайып кеткен тоғыз, он бір жылдық мектептер бар. Жергілікті биліктің мүддесі – сол мектептерді жаптырмау. Оларға бала керек, қазақ таппай отыр. Ауылға көшіп келген адамдарға тұратын дайын үйлер бар. Тағы бір айта кетерлігі, аталған ауылдардың жері мал шаруашылығына арналған шұрайлы келген. Сәйкесінше, кәсіп те жүргізуге болады. Осы мәселені республикалық деңгейде зерттеу керек. Себебі, қазаққа сұранып тұрған жерлер көп».
Атажұртқа күні кеше оралған Қуаныш Ілияс өзге елдегі қандастардың әдеби, мәдени, тарихи еңбектерін сақтап қалу мәселесіне тоқталды. Ақын қандастарымыздың рухани мұрасының электрондық нұсқасын жасақтауды ұсынды.
ҚУАНЫШ ІЛИЯС – АҚЫН: «Менің Қытайдан көшіп келгеніме екі-ақ ай болды. Отбасымның көшкеніне жарты жыл. Көші-қон мәселесіне қатысты айтар болсақ, біз тек адамды ғана әкеле аламыз. Мал қалып қойса, мал сатып ала аламыз. Жер қалса, жерді де алуға, өндіруге болады. Бірақ, сол жерге сіңіп кеткен терімізді, ол жерге жаратқан мәдениетімізді, көркем өнерімізді, таңбалы тастан басталатын тарихымызды, біз, өкінішке қарай, әкеле алмаймыз. Біздің сөреде тұрған қаншама тарихи, мәдени, әдеби кітаптарымыз келмеске кетті. Тарихи отаннан кеткенімізге үш ғасыр толған қазақтармыз. Біздің көз жасымыздан, сағынышымыздан туған, сол жердегі бүкіл қазаққа азық болатұғын үлкен әдебиет, мәдениет қоры, шежіре қалыптасты. Осы нәрсенің барлығы саясат құрбаны болды деп қарап отыруға тиісті емеспіз деп есептеймін. Үлкен қордың электронды нұсқасын жасау сияқты жұмыстарды ұйымдастырсақ та, құндылықты қалай да құтқарып қалу керек».
Жиын барысында айтылған ұтымды пікірлер мен ұсыныстар «Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының біріккен қызметінде ескерілетін болды.